25.07.2021
  145


Автор: Сәкен Иманасов

Бабадан қалған сөз мәні кеміп

Бабадан қалған сөз мәні кеміп,
бозінген көңіл боздады делік, —
айғайға мұңы араласқан ой
қай-қайдағыны қозғады келіп...
Дүниені біраз шайқаған дарын
есіне ала ма қайтадан бәрін, —
қайтара алмадым қарызды мен де,
арызымды елге айта да алмадым.
Күндізі құптап, түні ұмытпаған,
өз өміріме үңіліп те алам, —
дем беріп қойған тыңшы біткенге,
тіршіліктен де түңіліп барам.
Санамда жүрер сауығы мәңгі
сағынар кімнің ауылы қалды, —
жатқа қимайтын жақсының бәрі
жоңғардан бетер жауығып алды.
Шыр бітпей қойған жалаңаш, арық,
шарқ ұрар қанша шағала шабыт, —
тағдырым мені тірідей ғана
шыжғырып жатыр табаға салып!...
Тіресіп келем, күресіп көрем,
міз бағар емес сіресіп керең, —
...салдыр да күлдір сайтан арбаның,
соңынан қалмай... ілесіп келем!..





Пікір жазу