25.07.2021
  182


Автор: Сәкен Иманасов

Айнала ағайынға жүрген ұнап

Айнала ағайынға жүрген ұнап,
көңілің бірде көл де, бірде бұлақ,
аға да жаға болғың келгенімен
аласың ара-тұра сыр беріп-ақ.
Сырт көзге көрінсем деп "тірі мықты",
іздейсің езінде жоқ ірілікті,
мәрттікке жаралмаған майда тірлік
әзірге ақтамай-ақ жүр үмітті.
Әп-сәтте әдіра қап бар ынтымақ,
айнала жібересің тарылтып-ақ.
Содан да саған деген біздің көңіл
қояды ауық-ауық қалыңқырап.
Үйренген ескі әдетті өлі сақтап,
кетесің кешегіңнен сәл ұсақтап, —
адамның созылмалы пенделігін
ешқандай ала алмайды нар ісі ақтап.
Сырыңды біліп болған Алаш анық,
ендеше несіне біз таласалық:
берерде қаншалықты биіктесең,
кетесің алар кезде аласарып.
Айнала ағайынға жүрген ұнап,
көңілің бірде көл де, бірде бұлақ.
Текті де бетті болғың келгенімен,
қоясың ауық-ауық сыр беріп-ақ!..





Пікір жазу