Қауіп-қатер
Алпыстан асып кеткен жас та қауіп,
аяғың астындағы тас та қауіп, —
соншама қауіп-қатер арасында
барады-ау қайран дүние бастан ауып...
Жүргенің, күлгеніңнің бөрі қауіп,
соны ойлап күйзелесің ауық-ауық.
Қазіргі көңілің де, өмірің де
көшкен ел қозысындай жамырауық.
Сайланып-сайланбаумен, сайрандаумен
барады бастан ауып қайран дәурен, —
кірмейтін қаперіме күні кеше
қара бас қатеріне айналды әурең!
Құдайдан кіреукелі сауыт тілеп,
біз қашан хақ жолынан ауытқып ек:
көз көрген сұмдықты айту, ұрлықты айту —
шындықты айтудан да қауіптірек!
Тірліктің бүгінгідей дауылында
қауіпті ойының да, сауығың да,
тағы да бірдеңе айтып қала ма деп,
тұрады қауіптеніп бауырың да.
Бойдағы наласымен, жарасымен,
әйтеуір, қазағымның даласы кең, —
жығылсам — жер көтеріп,
келе жатқан
жайым бар қауіп-қатер арасымен!