25.07.2021
129
Бойымдағы барша қуат, екпінмен
Бойымдағы барша қуат, екпінмен,
тыныш өмір сүре қойған жоқпын мен,
маңдайымды тауға тіреп, тасқа ұрып,
таңдайымды таң нұрына кептіргем.
Бұл өмірден іздегенім сонда не,
қайда кетті көңілдегі мол дәме?
Не шығады,
сөзіңді ала жүгіріп:
"О, тәңірім, өзің ғана қолда!" — де.
Осы ма еді мен аңсаған арман-ән,
Арман-әннің өзінде де бар ма мән?
Бүгін еді бақыттың да керегі —
Жібімеді тас құрсағы тар ғалам.
Қуат қайта қоймаса да, күш кеміп,
отырғаның амал құрып, тістеніп, —
Күн қасынан іздеп жүрген сол арман,
Шың басынан табаныңа түсті еріп.
Демесеңіз даусың бүгін солғындау,
Бақытымның баса алмайды орнын дау.
Тек осынау бақыт деген шіркінің
керегінде қолға түспей қор қылды-ау!