23.07.2021
  182


Автор: Сәкен Иманасов

Жеттің бе қуып, жырынды қайғым

Жеттің бе қуып, жырынды қайғым,
көріп те қапты төбеңді ел,
мен әлі де сол бұрынғыдаймын,
"Не болып кеткен!" — демеңдер.
Қашқанда сенен қайда барамын
қателігім де көп, тегі
Аспанды қойып,
Айға қарадым,
оған да қолым жетпеді.
Жүрсің-ау деймін жиі есіңе алып,
қалмайсың менен өкшелеп,
Жыныма кейде тиесің анық,
"Тиіспе!" — деуге жоқ себеп.
Қайырыла соғып қарлы бораның —
қатыгез, қатал, қанды аяқ,
күлкімнің қанша алдын орадың,
кеткен бір кегің бардай-ақ.
Сан рет саған қарсы да атылдым.
сау-тамтық қалмай денемде,
қара найзадай шаншыла тұрдым:
"Біттің-ау енді?.. — дегенде.
Қашып та сенен қайда барайын,
өзімнің қайғым — өз мұңым,
күнге қарайын, айға барайын,
сала жүр, қалмай, көз қырын.
Жеткенде қырдан қарлы дауысың
саңқ етті бір ой санамда:
дос-дұшпан күліп,..
қалғымау үшін
қайғы да керек адамға!..





Пікір жазу