23.07.2021
142
Даласында майданның
Даласында майданның
жағасында Сайранның
өтті-кетті, не керек,
қарымтасыз қайран күн,
мықтылардай өзімді, ұқтыра алмай сөзімді
түлкі бұлаң тірліктің тазысына айналдым.
Қайырыла қарасам — өкініші аз, өрт те кем,
күмбірлетіп кеудемде күй қалмапты шертпеген,
ағармай-ақ қойдым-ау пәле-жала, күйеден,
таба алмай-ақ, құдай-ау, дауасы жоқ дертке де ем!.
Қарапайым басымды хан ұлына теңгерген
тарылмай-ақ келіп ем, барымды аяп, мен де елден.
Үрейімді ұшыра
үдей түсіп зар-мұңы,
көргенімнің барлығы серуен емес, сергелдең!
Таусылғаны осы-ау деп тау суындай амалдың, —
жарық күні қолыма жарқыратып шам алдым.
Қабағын да заманның бағып қойып біресе,
қағып қойып жүргенім қабырғасын қамалдың...