23.07.2021
140
Отпын дер едім, шоқпын дер едім
Отпын дер едім, шоқпын дер едім,
онсыз да күймей тұрмыз ба;
ғашық боп көрген жоқпын дер едім
өзіңнен басқа бір қызға.
Бәрібір оған нанбайтыныңды,
қалмайтыныңды бұл елден,
ұсынып үшкіл балдай тіліңді,
алдайтыныңды білем мен!
Көңілім содан жиі мұңданса,
ұға да қойсын мұны кім,—
Ішімде кеткен күйігім қанша,
ішілмей кеткен тұнығым.
Шағымда мынау шашым ағарған,
ауғанда мезгіл бесінге,
қысылмай сенің қасыңа барған
қызық сәт қана есімде.
Пәлені басқа үймей түбінде
кету ме мақсат ендігі,—
орынсыз отқа күймейтінің де,
сүймейтінің де белгілі.
Қызығын менен аяды қашан,
думанды,
тойлы,
дулы өмір,
Қалпында бірақ баяғы масаң
тоймай-ақ қойды қу көңіл!