23.07.2021
  139


Автор: Сәкен Иманасов

Бұл өмірде бар-жоғыңды білместен

Бұл өмірде бар-жоғыңды білместен,
күндерім-ай, қызыл-жасыл гүл кешкен,
шекесінен шертіп қойып шіріктің,
арулармен ат үстінде тілдескен.
Қойыныңнан құтылмастай нұр мынау,
таңды таңға ұластырып жүрдік-ау,
Алқымынан алдық қанша тағдырдың,
тақымына салдық қанша қылбұрау!
Әні кетті, сәні кетті, бәрі өтті,—
Тағдыр енді салды өзіме әлекті.
Әл бермеді, әлде мені тұқыртқан
қайтсем екен бұл атаңа нәлетті!
Өзі де бір өңмендеген өлермен,
қарақұстай қалмай ұшып төбеңнен,
жегенің де желім болып кейде бір,
күте қояр көмегің де жоқ елден.
Құшағымнан қуып шыққан бар нұрды,
қайтсем екен бұл қарабет тағдырды,
дарындас та дарынсызға ілесіп,
қарындас та көңілімді қалдырды.
Алауыз ғып айналаны, алқапты,
ара түсер ағайынды ант атты,
Кешер едім — қылығы өтіп барады,
оққа кеуде төсер едім — жан тәтті!
Ұшып кетті қолдан қарға —
кімге айтам,—
ой қағатын орманнан да құр қайтам.
Бір бастырмай қойды ілгері, амал не,
көптен бері мойнын бері бұрмай таң.





Пікір жазу