23.07.2021
  175


Автор: Сәкен Иманасов

Таза жерге тамса да кіндік қаның

Таза жерге тамса да кіндік қаның,
қарағым-ай, қайтейін, тілді ұқпадың!
Балалықпен, не керек, білмедің-ау,
сұлулық бар тірлікте — сұмдық барын.
Кеше ғана көңілім өрлеп еді,
қараттың да кеттің-ау жерге мені,
Бара жатты жүрегім шошып, өліп,
осы болып ендігі көрмегені!
Түсінбедің тірлікте ездік барын,
тез беріліп кісіге, тез құптадың,
"Жатыр,— деуші ем,— жау деген жар астында",—
қайтейін-ай, қарағым, сөзді ұқпадың.
Балапаным, басымды салған мұңға,
өзге түгіл, өзің де таң қалдың ба,—
өмір деген бермейді күнде бетін,
аңғардың ба?—
Бәрі де жалған мұнда.
Бұлдайтынын, жастығың, жамалың ба,
бұзылып тұр заңың да, заманың да,
Кімдер ғана тірлікте жасымапты,
тасы қатты тиеді адал ұлға.
Қарағым-ай, қайтейін, тілді алмадың,
өзіңді ме?
Өзгені?—
Кімді алдадың?
Балалықпен аңғармай қалдың ба әлде,
сұлулық бар тірлікте —
сұмдар барын!





Пікір жазу