23.07.2021
  124


Автор: Сәкен Иманасов

Бастан ауып

Бастан ауып,
баянсыздау мұнар күн,
қалжырармын,
қансырармын,
жылармын,
жүдеуі де мүмкін көңіл,
тек қана
біреуіңе жалынбайтын шығармын!
Түссін басқа тауқыметі ауыр күн,
жарасын да жаба тоқып жауырдың,
дауылына жығылмаспын тағдырдың,
бауырына тығылмаспын кәуірдің.
Көкіректе қапа-мұңым көп мүлдем,
қаншама бір солқылдап та өтті іргем,—
Асыл киіп,
арамзаның алдына
басымды иіп,
бара қойған жоқпын мен!
Өтер бастан бейнеті көп нелер күн,
тарлыққа да,
барлыққа да көнермін.
Айтпасын тек,
айдауына жүрем де,
айтағына үре қоям деп елдің.
Сатылмайтын мәртебеге, алтынға,
ұқсаймын да нар тұлғалы мәрт ұлға,
ит десең де,
кит десең де, ағайын,
енді өзгермей,
өтем осы қалпымда!





Пікір жазу