23.07.2021
264
Қуыршақ театрында
Бірі құлап, біреуі бүгіледі,
жүгіреді, тірліктен түңіледі,
қуыршақтар қылығы қандай қызық,
театрға барғаным бүгін еді.
Басын келіп біреуі иді мүлде,
қасын керіп,
қабағын түйді кімге,
билеуі де, топырақ илеуі де —
көрінбейтін құдірет билігінде.
Күлгізеді, жүгіртіп, жүргізеді,
күшік қылып біреуін үргізеді,—
қалт еткізбей жарлығын орындатып,
көріп тұрдым барлығын — күндіз еді.
Араларын қоя ма ұшықтырып,
төбелесе кетеді ұшып тұрып,
айналады қым-қуыт тіршілікке —
қасқыр жылап,
жылқы ұлып,
мысық күліп...
Құтырады біреуі, қағынады,
қамығады, зарығып, тарығады,
Қуыршақ қой десек те,—
қарап тұрсақ —
өзімізге ұқсайды бәрі-бәрі!
Мына бірі ұлына: "Көк шешек!"— деп
мына бірі жұлына жетті өсектеп.
жарар еді дей берем,
біз де осылай
қуыршаққа айналып кетпесек тек!