23.07.2021
  171


Автор: Сәкен Иманасов

Бір жыл туған төл едің

Шықпасаң да сапарға аш,
тимеді ме көмегім?—
Келе жатқан қатарлас,
бір жыл туған төл едің.
Қылығыңды қым-қиғаш,
қиқарлыққа телідім,—
маскүнемдей ылғи мас,
басылмады желігің.
Жақсы болып тек қана
жаралғандай бір өзің,
Көретін ең көпті ала,
жақпады сол мінезің.
Кәрісі ме, жасы ма,—
тізіп мұрын
мұртынан,
Ит терісін басына
қаптайтын ең сыртыңан.
Көзі жоқта кісіні
сыбайтын ең сықпыртып.
үлкен аға, кіші іні,
шеттерінен шықты үркіп.
Кетті ішінде —
нұр көңіл —
балдызың ба,
бөлең бе,
Қол қусырып,
күнде бір
қонақ еткен төрең де.
Тәсілің бе,
налаң ба,
кәсібің бе — жұрт сынау,—
қаншама бір маған да
дегізбедің: "Қыртсың-ау!"
Көшесі де,
кесегі —
кеткендей-ақ бәрі алдап:
жолдасыңды кешегі
жүрдің маған жамандап.
Қайдан ғана жолықтым?
Баспасам да дауға аяқ,
Кетер ме деп қорықтым,
сөгер ме деп жаудай-ақ.
Төбелеспей, таласпай,
тату-тәтті жүрсек те,
дәм-тұзымыз жараспай,
қала бердім бір шетте.
Шықпасаң да сапарға аш,
тиген сәл-пәл көмегім,
Келе жатқан қатарлас,
бір жыл туған төл едің.
Кім біледі, егіле,
бір "досыңды" тағы алдап,
осы қазір мені де
отырмысың жамандап?!.





Пікір жазу