23.07.2021
  147


Автор: Сәкен Иманасов

Бір ініге

Қарағым-ай,
соншама сен кім едің?
Қитығыма тимеші енді менің!
Жақпай бара жатыр-ау айналаңа
кекірейіп,
керіле кергігенің.
Тәйтік ұлдың бірі ме ең "танымалы",
өкпең неге соншама қабынады?
Ақыл айттым,
азырақ батыра айттым,
амал қанша,
біреуі дарымады!
Бейпіл күліп,
біресе бейпіл налып,
бір-ақ сәтте байқаттың кейпіңді анық.
Сендейлердің туарын білмегені-ау,
"Сөз сүйектен өтеді", - дейтін халық.
Дарымады, қайтейін, амал қанша,
шаптыққанмен не пайда жамандарша!
Жетпей тұрған жетеңе жете ме деп,
қор қылдым-ау сөзімді саған барша.





Пікір жазу