23.07.2021
135
Тектіні көріп тебінген
Тектіні көріп тебінген,
делебем қанша қозғанмен,
жаралды дейтін темірден,
жүйке де бүгін тозды әбден!
Шағылды тауым,
шаршап құр,
шалдығып шалғай жолда мен,
Ару да құштым аңсап бір,
амалым қанша —
болмады ем...
Арғымақ-ойым ұшты алға,
бауыры бірде жазылып.
Озам ба деген тұстарда,
алдап бір соқты аз үміт.
Тұрмады баста назды ұғып,
тұрлаусыз бағы аз күндер,—
азғырмас жерде — азғырып,
жазғырмас жерде жазғырды ел.
Шабдарға шабан қамшы ұрып,
малшынып терге терлігім,
кешегі күшік қарсы үріп,
жаншыла бердім мен бүгін!
Жанымды жайлап бір секем,
жапыра бәрін ормай тіл,
Өлең де бүгін кіл шетен,
өмірі ұзақ болмай тұр.