23.07.2021
  171


Автор: Сәкен Иманасов

Болды ма маңдайымның соры қалың

Болды ма маңдайымның соры қалың,
апыр-ау, сонша неге торығамын?
Осы ма айдарымнан жел ескені,
ар-ұят емес пе еді қорығаным!
Жырындай түсінікті ем жас-кәрінің,
жоқ еді кісіліктен басқа мінім,
Кеудеме қайдан келіп зар тығылған,
қалайша алты қырдан аспады үнім!
Туғалы тазалықты армандағам,
көңілім, осы ма елден алған бағаң,—
Сырылып ұят байғұс шеткеріге,
шынымен кеткені ме ардан да мән!
Дерліктей тыңдар қалам.
тыңдар далам,
дуалы ауызда да құн қалмаған.
Билік тек бейшараға тиді бүгін,
жүйрік көп
жүзден озып...
жүлде алмаған.
Түрткілеп тұмсығымен шетке мені,
бір доңыз мұратына жеткен еді.
Кешегі Кейқуаттар сияқты ұлға,
ардың да,
ұяттың да жоқ керегі!
Жақсылық өз басынан артылмаған,
жүр біреу жалған күліп,
жарқылдаған.
Осындай ойларым көп,
өкпелемек
не жасай қоймадың деп халқым маған!





Пікір жазу