23.07.2021
138
Айналайын, алтын ұям — үй-ішім
Айналайын, алтын ұям — үй-ішім,
күбір-күбір...
күлкілерім...
сүйісім...
Ата-ананың үлгірмеген үміті,
көңілімнің күмбірлеген күйісің.
Ауырсынбай арқалайтын "азабым",
бар қызығы тарқамайтын базарым,—
танаулары сүртілмеген ұл-қызым,
сорпа-суы бүлкілдеген қазаным.
Бағып-қағып оттың басы,
ошағын,
қасымда отыр құдай қосқан қосағым.
Жоққа бола еміреніп,
үздігіп,
жоққа бола көңілі еріп,
босарым.
Білінбейтін кемістігі,
кемдігі,
өмірімнің өзегісің ендігі,
мұнда мылтық атылмасы ешқашан,
мұнда көңіл сатылмасы белгілі.
Біледі ғой баяғыдан тегімді ел,
жаман-жақсы өте жатар не күндер,
жалғыз ғана тілегім бар, жасаған,—
от басына тыныштық бер,
өмір бер!