23.07.2021
  117


Автор: Сәкен Иманасов

Шың

Алдымызда асусыз бір шың бары,
бір шың бары белгілі,
білсін бәрі,—
жетем деумен,
асып та кетем деумен
қанша болды, құдай-ау, құлшынғалы.
Ұмтылып ем елемей өр-белеңін,
басқалардан бақытым кем бе менің,—
Қыран болып қасына таяп бардым,
жылан болып тасына өрмеледім.
Алдырмады,
амал не, алдырмады,
көкіректе қайғының қалды ырғағы, —
Төбеңе де, шыққаны шөмеле ме,
дән риза жағалай жанның бәрі.
Үміт біткен айналып құр күйікке,
Ұмтылғаным бекер ме тым биікке,
Қондырмасаң, ағайын, күнді иыққа,
тұңғиыққа біржола сүңгиік те!
Кім қалары белгісіз,
кім шығары,
көңіл шіркін әзірге тыншымады.
Озбады ма,
озды ма елден кеудем,
көлбеңдеумен келеді бір Шың әлі. 





Пікір жазу