23.07.2021
  145


Автор: Сәкен Иманасов

Жусаған жусандарым, изендерім

Жусаған жусандарым, изендерім,
кімге айтам қу жанымның күйзелгенін,
Күні-түн ауыр ойлар илеп анық,—
барлығын билеп алып —
ми,
зерденің?!
Сендер де —
бетеге мен беделерім,
жайымды ұғады ғой деген едім,
Құданың қырсығы ма,
"қылшығы" ма
қалмайды қыр соңымнан неге менің?
Шеңгел,
ши,
шіліктерім,
шыршаларым,
бұ күнде сендер болып мұң шағарым,
әп-сәтте жар астынан жау шығар деп,
ойлап па ем таусылар деп мұнша амалым!
Тобылғы,
теректерім,
жыңғылдарым,
кімге айтам ішімде ащы мұңның барын,
Кімге айтам күдерімді үзіп мүлде,
тағдырдың жігерімді құм қылғанын?
Ақ қайың,
қарт қарайғай
емендерім,
мен дағы жұрт ішінде беделді едім,
Тығылып тығырыққа,
осыншама,
жүзімнің кім ойлаған төмендерін.
Ойпаңға иірілген ырғай,
талым,
қайғымды сендерге емей, кімге айтамын,
Күн туып тәтті ғана мұңға батар,
қашан бір жылдам атар жылдай таңым!





Пікір жазу