22.07.2021
  197


Автор: Сәкен Иманасов

Жасамай саған ғұмыры айбар

Жасамай саған ғұмыры айбар,
жатып атқанға не дерсің?
Жұтынып тұрса сұмырайлар,
жұртым-ау, кімге сенерсің?
Бұқпалап келіп бірінің
билікке қолы жетті ме,—
аяғынан шалып ірінің,
адырая қарар тектіге.
Ақылы асқаннан безгелі,
ақымақтарды есіртіп,
үркітпек болып өзгені,
өздері жүрер қоса үркіп.
жылатып айтсаң — бұл деген,
жанынан күдер кім үзбек,
Үрмесе екен деп іргеден,
иттерге сүйек жүр іздеп.
Танауын тескен тайлақтай,
елпілдеп, ере берген-ді.
жанына торсық байлатпай,
жалт беріп шыға келді енді.
Тілінде ғана пайдасы,
түрінде тұрар тоқтығы.
Еңіреп жүру — айласы,
ел қамын жейтін жоқ түрі.
Осыны айтып ем жерлеске:
"Сенбе көп,— деді, — алдайды ел".
Қарғанып — енді көрмеске,
арланып — жақын бармай көр!





Пікір жазу