22.07.2021
  111


Автор: Сәкен Иманасов

Түлемедім, қаншама

Түлемедім, қаншама,
жүдемедім,
үйіріліп ұршықтай,
үдегемін,
қыр төсінде халыққа жыр оқыдым,
жұрт есінде қалып па бір өлеңім?
Екіленіп,
қалай да,
екпіндедім,
шаң қаптырып талайға кеттім, дедім.
Көзімді ілмей жүрем де күні-түні,
өзім білмей келемін — өткір ме едім!
Құлагермен құйғытып қыр төсінде,
тыңдағы елдің түнегем күркесінде,
бағым менің сонда да жанбады ма,—
қалмады ма бір сөзім жұрт есінде!
Шығып та жүр жұқалтым кітаптарым,—
жырға сусар жұртыңды жұтатпадым.
Менікі деп біресе елдің төрі,
көр білтелі көңілді тұтатқанмын!
Күміс болып шықпай ма күрегенім:
бір тіріліп күніге,
бір өлемін,—
аң-таң болып сонда да жүрмін, бала,
кімнің ғана аузында жүр өлеңім!





Пікір жазу