Елдігің де ерсілеу, ерлігің де
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, ағайын, енді кімге?
Түбі неге соғар деп, бұл қылықтың,
күңірене беремін мен бүгінде.
Ұлығың да сұйылып, сиқынды алып,
қылығың да барады қиқымдалып.
Көптен бері осыған күйінем деп,
бір оянған емеспін ұйқым қанып.
Өз алдына қанағат, нысап, қалып,
мінезің де барады ұсақталып.
Азаматтың қорғадың қай намысын,
пайдалысын бір күндік құшаққа алып.
Көпе-көрнеу елемей өр көңілді,
есірігің ебі жоқ ерге күлді:
Зейіндіге — бүгінгі ар болды да азап,
кейінгіге — кімің бар — берген үлгі?
Туа сала кәпір-ұл санап ру,
іздемей-ақ бір-бірін табады қу,
иттігін де, не керек, қоймады әлі,
ойлағаны — шендіге жаға білу.
Елдігің де ерсілеу, ерлігің де,
еркелеймін, елім деп, енді кімге?
Жылмаңдаған, күніге мыңды алдаған
жылпостарға тиіп тұр төр бүгінде.
Тимеді деп түңілмес бүгін есе,
көкірегім көл еді күні кеше.
Ызғар дарып, барады мұз-қар қарып,
құдай салып, қайтадан жібімесе!