Жәлап қатын,..
Жәлап қатын,..
жәдігөйлер,
ұрылар
маған да күн көрсетпейтін түрі бар...
(Өмірімді —
өзгелерге үлгі еткен,
дәл қазіргі көңілімді кім ұғар?)
Жәлап қатын
ойнасына жамандап,
жәдігөйі —
жатып атты,
амалдап,
Ұрыдан да сескенемін осы күн,
дос дегенім —
күле қарап,
тағы алдап...
Кім біледі,
ұқпады ма,
ұқты ма ел:
бірі —"мықты",
бірі — "мүлдем бітті",— дер,
бұтты-шатты,
өсектеді,
қарасам:
бәрінің де есептері түп-түгел.
Бірі — маған қазған орын дайындап,
бірі — жақын достарымнан айырмақ,
жер бауырлап жатса дейді, шіркіндер,
жарға соққан тас кемедей қайырлап.
Дауылыңа, жауыныңа ырғалмай
шыдайтындай,
мықты, дей ме, бүл қандай,
жәдігөйі,
жағымпазы,
жүлігі
жатып атып,
жан-жағымнан жүр қалмай.
Менде қандай әкесінің құны бар,
кісі қайда, құдайым-ау, мұны ұғар,
Маған да күн көрсетпейтін сияқты
жәдігөйлер,
жәләп қатын,
ұрылар...