22.07.2021
150
Дәлелдеп келем
Ұнатам әлі тазаны ғана,
түгім жоқ, досым, өзгерген,—
өмірдің ащы азабына да,
мазағына да төзгем мен.
Батырмау үшін арды күнәға
олқылау болса сыбағам,—
тірліктің қапас, тарлығына да,
барлығына да шыдағам.
Тірліктің барша мұз,
қарына да,
ызғарына да ұрынсам,—
тұрдым деп қанша құзда құлама
айтып едім ғой бұрын сан.
Ешкімді жалған мақтамап едім,
ақтамап едім сұмдарды,—
жалғыздық көрген шақта да менің
жанымда, бірақ, кім қалды?
Кеудемде бұққан адал мұндарым
шығармайынша ақырғы үн,
жанымды жеген жарамның барын
жасырып келе жатырмын.
Жасырып елдің жамандықтарын,
жамадым-жасқап,
әрі өңдеп.
Әйтеуір, жерде адалдық барын
дәлелдеп келем,
дәлелдеп!