22.07.2021
  188


Автор: Сәкен Иманасов

Құдірет

Баз-базда бір жаза қалсам күшті өлең,
өзімді өзім өктем санап істе мен,
айналама асқақ қарай бастаймын,
адамға ұқсап
ат үстінен түспеген.
Қара жерді жалғыз өзі көтерген, –
кеудеме бір қуат бітіп төтеннен,
қай ғаламда жүргендігім белгісіз, –
құдіретке айналам да кетем мен!
Билігіме дара тиіп енді өмір,
менсіз есе қоймайтындай жерге гүл,
ойым онға бөлінбейді ондайда,
көзіме де керінбейді пенде бір.
Маған ғана үсынардай төрін ел,
көкірегім кермаралдай керілер.
Мен таппайтын амал жоқтай, енді бір
мен алмайтын қамал жоқтай көрінер.
Арсы-гүрсі,
алды-артыма қарамай,
аңқылдаймын
ақылы жоқ баладай.
Қалқатайдың қашанғы әнін қайталап,
байлығымның шашам бәрін... санамай!
Ада болып көңілдегі барша алаң,
арманыма жетіп қалам аңсаған.
Ұмытылар
кісі екенім
кешегі
сәл тәкаппар,
сәл жомарт,
сәл... шаршаған.
Тоқтамайтын суға түсіп, отқа енбей,
кеудем кеңіп сала берер көктемдей.
Өзіңді өзің сезінесің, не керек,
қарап тұрып,
құдай болып кеткендей!
...Бөсіңкіреп кеттім білем бұл кеште,
көп еді ғой көре алмайтын күндес те,
соның бірі бұл сөзімнен мін тауып,
тағы бірі көз алартып жүрмес пе?
Түні бойы отыра ма көз ілмей,
баз кешіп,
бар дүниеден безінбей,
ақын қалай ақын бола алмақшы,
ауық-ауық өзін құдай сезінбей!





Пікір жазу