Ежелгі өртім де сен
Ежелгі өртім де сен,
дертім де сен,
Дариға-ай,
болмады бір желпінбесем.
Барады-ау жалықтырып жабы тірлік,
Сілкіне,
Саған еріп,
Серпілмесем.
Қаратпай ермесіме,
Көнбесіме,
Шықшы бір
Жел боп ұйтқып,
сен кесіле,
Кеудемде сыңсып ағып сағынышты ән
Сала ма сазы бөлек елді есіме?!
Апыр-ау,
аңсаппын-ау,
асқақ үнді
Ақдидар айқайы мол аспаныңды,
Ерсі екен – өзің барда –
Қара тұтып
Келгенім басқа қызық, басқа мұңды...
Түлеп те жатқан шақта әзір далам,
Құймас па көкірегіме сазын ғалам?
Тықыршып тұр екен-ау тұлпар көңіл.
Бауыры көптен бері жазылмаған.
Дариға-ай,
бойда қуат, барда күшім,
Сен маған аққанатты арман ұсын!
Тағы да шарқ ұрайын,
Сарқылайын.
Тәтті үміт, тамашалы таңдар үшін.
Соңғылар сөкпеу үшін мені кейін,
Тағы да желпінейін, желігейін.
Елім деп, –
Өртке де еніп,
Серт те беріп,
Осынау өз еңсеммен көрінейін!