22.07.2021
135
Байтақ елім
Киелі қасиетін сезе біле,
Ынтыға түстім қанша өз еліме.
Орғыған –
Омырауын орай ағып –
Айналып кеткім де кеп өзеніне.
Соны ойлап...
Түндерімде жыр түлеткен,
Көз алмай қараймын да бұлтына өктем...
Күбірлеп оянамын:
«Осынау ел
Есен-сау болса!» – дейтін бір тілекпен.
Жорымай жеке басым мұны ырымға,
Тәубе айтып тұрам мынау ұлы қырға.
Осы қыр – жалықтырмас жұлдызды әлем,
Осы қыр – табан тірер тұғырым да.
Жаралған кемеңгерлік, кемелдікке
Кеңдігі бар-ау дүние сенерлік те!
Осы елдің ұлымын деп ойлағанда,
Көңілің көнбейді екен төмендікке!
Демеймін сұңқарымын,
Тұлпарымын.
Артынан айта жатар жұрт анығын.
Туған жер,
Сені жерге қаратпас тек,
Өзіңе осыншалық іңкәр ұлың!