22.07.2021
  222


Автор: Сәкен Иманасов

Апарайын ел жаққа

Әзірлеп отыр екен ат ағайын,
Жүрші, дос,
Алакөлге апарайын.
Ол жақта өзгешелеу атады таң,
Әйтеуір өзгешелеу батады айың.
Жүрші, бір көрсетейін саған бәрін,
Қара теңіз құсаған жағам барын.
Әнін де сапырайын осы өңірдің,
Дәмін де татырайын тағы алманың.
Ер маған,
Енжарлықтан мүлде арыла,
Аунатып алайын да құмдағына.
Алакөл толқынына шомылдырып,
Жоңғардың шығарайын шыңдарына.
Ешбірі санамайды сені өгейге,
Жатқаның жамбасақы төлемей де.
Өрескел ісіңе де
Күліп қойып,
Жымиып отырған ел елемей де.
Ағайынның ағынан жарылғанын,
Жүр кеттік, көрсетейін бәрін-бәрін –
Аруларын көрсетем аққуға ұқсас,
Бітімі бөлек біткен нар ұлдарын!
Айдынның омырауын сөккізейін,
Ар жаққа «сырғамен-ақ өткізейін».
«Мың бір түн» Мысырында жүргендей-ақ,
Кезіңді кереметке жеткізейін!





Пікір жазу