22.07.2021
  253


Автор: Өтепберген Ақыпбекұлы

Есті әрі көргенді, жігіт болам мен енді...

Тұлғасы зор,
Еңселі,
Іске мығым, белсенді
Азаматты
Жұрт мақтап,
«Есті жігіт» деседі.

Қақ-соқта жоқ шатағы,
Сыйлас тұстас қатары
Азаматты
Дүйім ел
«Көргенді» деп жатады.

Сенім, міндет артылар,
Бұл сөздің өз шарты бар:
Меніңше,
Естіп, көргені,
Көп адамға ол айтылар.

Күтер алдан төр мені,
Риза болар ел де өзі.
Есті әрі көргенді
Жігіт болам мен енді.

Төңірекке қызығам,
Естіп, көріп сыр ұғам:
Жұртқа жасап жақсылық,
Алғыспенен жылынам!..





Пікір жазу