22.07.2021
  2298


Автор: Ханс Кристиан Андерсен

Ұсқынсыз үйрек

Қаланың сырт жағы қандай тамаша! Жаздың жайма-шуақ кезі, қара бидай сарбалақтанып, сұлы көктеп, пішеннің шөмелеге салынған шағы. Көкорай шалғын көк майсада ұп-ұзын, қып-қызыл сирағы анадайдан сидиып, бір құтан египетше сайрап жүрді ол тілді оған өзінің шешесі үйреткен. Сонау жайсаң дала, жасыл алқаптың ар жағында қарауытып қара орман тұр, оның қойнауы толған түпсіз терең шалқар көл. Шаһардың шеті қандай ғаламат! Айналасын табағы сулы терең сай қоршаған, аумақты келген көне мекен-жай күн нұрына шомылған, терең сай мен тас қорғанның екі арасына түбінен тік тұрған бала көрінбейтін түйе жапырақ өсіп кеткен. Түйе жапырақтардың саясы ит тұмсығы батпайтын ну ормандай, құлаққа ұрған танадай мүлгіген меңіреу дүние. Мекиен үйрек осы арада балапан басып отыр. Оның отырғанына да көп болған, өзі әбден жалыққан: келіп-кетіп халін білушілер де шамалы, өйткені басқа үйректердің түйе жапырақтардың арасында іш пыстырып, ұя басқан онымен текке барылдасқаннан гөрі, сайға барып суда жүзгені мың есе артық!



Күндердің бір күні ақыры, жұмыртқалардың да қабығы жарылды-ау. Ішінен шиқ-шиқ еткен дыбыс шығады. Сары уыздан пайда болған балапандар жұмыртқаның тесігінен бастарын қылтитады.


— Бол! Бол! – деп барқ-барқ етті енесі.


Үйректің балапандары асығып-үсігіп кең дүниеге шықты да, айналасына таңырқай қарап, жап-жасыл түйе жапыраққа таңданысып біраз тұрды.


Енесі оларды беттен қаққан жоқ: жасыл түс көздің нұрын молайтады.


— Дүние неткен кең еді! – деп балапандар барылдап қоя берді. Қайтсін-ай! Жұмыртқаның ішінде бүрісіп отырғаннан гөрі мұнда еркінірек қой, әйтеуір.


— Дүние деген жалғыз осы ара – деп отырсыңдар ма? – деді енесі. Жоқ, оның ұшы-қиыры жоқ, сонау миуа бақтан әрі, имамның үйінің ар жағына қарай созылып жатыр, бірақ мен ол жаққа өмірі барып көрген емеспін... Ал, кәне, бәрің түгелдендіңдер ме? – деп ол керіліп барып ұясына тұрды. Ойбай-ау, әлі түгел емес екен ғой! Ең үлкен жұмыртқа шеті кетілместен жатыр ғой! Ойпыр-ау, қашан бітеді бұл азап?


Әбден дымымды құрттыңдар-ау!


Үйрек ұясына қайта жатты.


— Хал қалай? – деп сұрады оған көңіл сұрай келген кемпір үйрек.


— Әлі мына бір жұмыртқаның шағылмай жатқаны, - деді жас үйрек. Отыра-отыра әбден жалықтым, бұл құрғыр әлі жарып шыққан жоқ! Оның есесіне ана балапандарымды көрсеңші бүлдіршіндей емес пе! Әкесінің аузынан түсіп қалғандай! Аумайды-ау, аумайды! Ал ол пері ең болмаса бір рет бас сұғуға да жараған жоқ!


— Әлі жарылмаған жұмыртқаңды көріп жіберейінші, - деді кәрі үйрек. Бәлкім, күркетауықтың жұмыртқасы шығар! Мені де бір рет солай алдап соққан! Апырмай, сондағы күркетауықтың балапандарын басып шығарамын – деп сорланғаным-ай! Олар су дегеннен өлердей қорқады екен ғой: барылдап та, барқылдап та, шақырып та, бақырып та, құйрығынан суға итеріп те көрдім, былқ етсейші! Кәне, көрейінші жұмыртқаңды! Айттым ғой сол – деп! Күркетауықтың жұмыртқасының дәл өзі! Таста оны, одан да өз балапандарыңды жүзуге үйрет.


— Жоқ, өйтпейтін шығармын, дегенмен басып шығарайын,  - деді жас үйрек. Қанша күн бастым ғой, енді азына да шыдайын.


— Мейлің, өзің біл! – деп, кәрі үйрек кетіп қалды.


Ақыры ең үлкен жұмыртқа да жарылды. Шиқ-шиқ етіп ішінен ұсқынсыз бір балапан абажадай болып шыға келді. Үйрек оны басынан аяғына дейін қарап шықты.


— Алпамсадай бірдеме ғой мынауың! – деп барқ ете түсті үйрек. Басқаларына ең болмаса бір мүшесі ұқсасайшы! Күркетауықтың балапаны дейді? Мейлі кімнің балапаны болса да, мен оны жүзуге үйретіп шығарам. Қасарысатын болса, суға итеріп жіберем.


Ертеңіне күн шайдай ашық болды, жап-жасыл түйе жапырақ күн нұрына рақаттана шомылып тұр. Үйрек бүкіл семьясымен балпаңдай басып сайға тартты. Ол суға барып шолп ете түсті.


— Еріңдер соңымнан! Түсіңдер тезірек! – деп, енесі ақырып қап еді, балапандары бірінен соң бірі шолп-шолп етіп суға қойды да кетті.


Олар бір сәт су түбіне жоқ болып, сонан соң сопаң етіп шыға келді де, қуана құлшынып жүзе жөнелді; ұсқынсыз балапан да олардан қалысқан жоқ.



— Күркетауықтың балапаны осындай болушы ма еді? – деді енесі. Жарғақ табанымен қалай жақсы еседі-ай өзі, денесін қалай тіп-тік ұстайды! Жоқ, бұл өзімнің туған балам! Тіпті онша көріксіз де емес-ау, тек бағымы күштірек болса болды. Ал шапшаңырақ, шапшаңырақ еріңдер соңымнан! Қазір құс қораға барамыз, сендерді қоғамға енгізем. Тек менен ұзап кетуші болмаңдар, біреу-міреу басып кетіп жүрер және бір айтарым мысықтан сақтаныңдар!


Біраздан соң үйрек балапандарын ертіп құс қораға да жетті. Іші толған айқай-ұйқай, ызың-қиқу! Екі үйлі жан бір жылан балықтың басына таласып, қырылысып жатыр еді, екі ортада ол бас мысыққа бұйырды.


— Өмір деген осы ғой! – деді үйрек тұмсығын тілімен жаланып: оның да балық жегісі кеп кетті. – Кәне, кәне, аяқтарыңды шапшаңырақ басыңдар! – деп бұйырды ол балапандарына. Пыр етіңдер де анау тұрған кәрі үйрекке иіліп сәлем беріңдер. Ол осындағы ең үлкен бәйбішеміз. Испан тұқымынан шыққан, семіз болатыны да содан, көрдіңдер ме, сирағына байлаған қызыл шүберекті? Қандай әсем! Ондай бақыт, ондай абыройға үйректің үйрегі ғана жете алады. Ол қожайынның бұл үйректен айрылғысы келмейді деген белгі, сол шүберек арқылы оны адам да, хайуан да тани кетеді. Ал тезірек! Жарғақ табандарыңды тең баспаңдар! Жақсы тәлім алған зиялы үйректер аяғын алшаң басып, талтаңдап жүрер болар, тұрғанда бір аяғын ілгері, бір аяғың кейін тұруы керек. Ата-бабамыз солай жасайтын. Міне, былай! Ал мойындарыңды иіп бар ете қойыңдар!


Үйрек балапандары мойындарын иіп, бар ете қалды, бірақ анау бөтен үйректер оларды бастан-аяқ көздерімен бір сүзіп өтті де:


— Мәссаған керек болса, тағы бір қора қылып тобырын ертіп келгені несі–әй! – деп баж етті. Өзіміз де дүниеге сыймай жатқанда! Ана біреуі неткен жексұрын еді өзінің! Жоқ, біз оны қатарымызға қоспаймыз! – деп бір үйрек топтан жүгіріп шықтыда, үйректің әлгі балапанын желкесінен тістеп кеп алды.


— Тимеңдер оған! – деп, енесі ара түсті, ол байғұс сендерге не жазды! Кімнің жолына көлденең тұрып еді?


— Солайы солай ғой, бірақ өте алпамсадай, бір түрлі оспадарсыз өзі! – деді ұрыншақ үйрек. Өзін жақсылап умаштап алу керек!


— Балапандарыңның бәрі әдемі! – деді сирағына қызыл шүберек таққан кәрі үйрек, бәрі де сүп-сүйкімді, тек, біреуі ғана... Мынауың іс болмай шыққан екен! Өзін қайта жасаса қайтер еді?


— Өйтуге болмайды, тақсыр! – деді балапанның енесі. Рас, ептеп кейіпсіздеу, бірақ оның жүрегі ізгі, сонан соң суға жүзгенде басқаларынан кем емес, қайта асып та түсер. Кім біледі, жүре келе көрік те бітер, тым болмаса бойы ептеп шағындалса екен. Жұмыртқаның ішінде көбірек жатып қалып еді, ұсқынсыз болуы, бәлкім, содан да шығар, - деді де, үлкен балапанын тұмсығымен қауырсынынан сипады. Сосын мұның өзі еркек үйрек қой, ал еркекке онша сұлулықтың қажеті бола қоя ма. Аман-есен ер жетсе, өз жолын өзі тауып алады ғой!


— Басқа балапандарың өте, өте әдемі! – деді кәрі үйрек. Жә, болды, өз үйлеріңе келгендей еркін сайрандаңдар, ал егер жылан балықтың басы кездесе қалса, маған әкеп тастауларыңа болады.


Сөйтіп олар өз үйлеріне келгендей еркін өмір сүре бастады. Тек қана үйректің ұсқынсыз балапанына басқаларынан кенже шыққан байғұсқа жау көп болды, құс қорадағылардың бәрі де тістеп-талап, тұмсығымен соғып, қанатымен қағып, үйрек, тауық біткен аяғын басқан сайын мазақ қылып, келемеждеп болды.


— Дөңкиген неме! – десті олар.


Ал енесінен тебінгілі топшысымен туған, сондықтан өзін императормын – деп есептейтін күркетауық желкенін жел кернегендей алқымы ісініп, үйректің балапанына жетіп келді де, ызалана тұтығып бірдеме – деді. Ашуға булыққаннан айдарына күреңітіп қан ойнап шыға келді. Сорлы балапан не қыларын, қайда барарын білмей қатты састы. Бүкіл құс қораға мазақ болып, бұл дүниеге қор боп келгеннен келмегені артық еді!



Алғашқы күн сонымен өтті; кейінгі күндері одан да сорақы. Бәрі де маңайларына жолатпай айдаладан қуады, тіпті ағалары мен апаларына дейін:
— Осы сені ең болмаса мысық та ұрлар әкетпейді екен, ұсқынсыз сорлы, - деп зекіріп тастайтында шығарды.
Енесі де қосарланды:
— Көзіме көрінбегір! – деп қарғайды.
Тауық талап, үйрек тістеп, үй құсына жем беретін қызға дейін аяғымен тепкілеп күн көрсетпейді.
Үйректің әлгі балапаны ауланың бір шетінен бір шетіне жүгіріп барып, дуалдың арғы жағына секіріп өтіп, дік ете түсті! Құйтақандай құстар бұталардың түбінен пыр етіп жан-жаққа ұша жөнелді.
«Менің түрімнен шошып кетті, соншама жексұрын болғаным-ау!» - деп ойлады да, балапан бетінің ауған жағына қарай жүгіре берді. Жүгіріп отырып, жабайы үйректер мекен еткен батпаққа жеткенде бір-ақ тоқтады. Әрі шаршап, әрі ұнжырғасы түсіп, сонда түні бойы отырды.
Таңертең жабайы үйректер ұяларынан шыққанда, жаңа көрші бірден көзге түсті.
— Е, сен кімсің? – деп сұрады олар; бірақ үйректің балапаны елпек қағып өз білгенінше тәжім етуден басқа ештеме дей алмады.
— Мынадай да жексұрын болады екен-ау! – десті жабайы үйректер. Әй, мейлі мұнда не шаруамыз бар. Тек бізбен араласамын – деп ойлаушы болма!


Ол байғұстың әйел жайын ойлайтын кезі ме! Қамыстың арасын паналап, шалшық суынан бірер жұтым ішуге рұқсат берсе одан артық арманы бар ма оның қазір.


Батпақта ол екі күн түнеді, үшінші күні жабайы екі қаз келіп қонды. Олар жұмыртқадан жуырда ғана шыққан сары уыз балапандар еді, сондықтан өздерін тым тәкаппар ұстайтын.


— Тыңдашы, достым! – деді олар.  – Сенің жексұрын екеніңде дау жоқ, бірақ соныңның өзі бізге ұнап тұр. Бізбен бірге ұшқың келе ме? Еркін ұшып, еркін қонатын құс боласың. Осы жерден алыс емес, бір шалшықта жабайы қаздың мекиендері бар. Олар «қаңқ, қаңқ!» деуді ғана біледі. Түрің жексұрын болғанмен, кім біледі сол арадан өз бақытыңа жолығып та қаларсың.


Бір кезде гүрс-гүрс еткен дыбыс шығып еді, қоразқаздар сеспей қатып, қамыстың арасына бірінен соң бірі құлап түсті. Судың беті қып-қызыл қан болды да кетті. Тағы гүрс-гүрс еткенде қамыс арасынан бір топ жабайы қаз қанаттарын сабалап қаңқылдай көтерілді. Мылтық даусы үдей түсті. Аңшылар батпақты түгел қоршап алған. Кейбіреулері ағаштың тасасына тығылып алыпты, бұрқ-бұрқ еткен көк түтін біраздан соң көл бетін тұтас жауып кетті. Батпақты шалпылдатып аңшы иттер қамыстың арасымен келе жатыр. Қамыс басы олай бір, былай бір бұлғаңдайды. Сорлы балапан не өлі емес, не тірі емес, қорыққанынан шықпаған жаны әзер отыр. Басын қанатының астына тыға қояйын – деп еді, кенет тілін салақтатып, қанды көзін алақтатып бір аңшы ит төбесінен төніп қалды. Аузын арандай ашып, азу тісін ырситады. Бірақ суды шалп-шалп еткізіп, бір кезде жайымен жүре берді.



Құтылдым-ау, - деп үйректің балапаны «уһ» - деп жеңілейіп қалды. Құтылдым. Менің жексұрындығым сонша, тіпті ит екеш иттердің өзі маған жолауға жиіркенгені ғой!
Ол шоқ қамыстың арасына жасырына қойды. Гүрс-гүрс еткен мылтық даусымен жарыса төбесінен ірі бытырлар зу-зу етіп өтіп жатыр. Атыс тек кешке қарай тоқтады, бірақ балапан қыбыр етуге қорқып көп жатты. Тек бірнеше сағат өткеннен кейін ғана өзіне-өзі демеу боп басын көтерді де, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып, ой мен қырдан сая таппай тағы да жолға шықты. Қарсы алдынан қатты жел тұрып, үйректің бейшара балапаны әзер ілбіп келеді.


Ымырт жабылып, қас қарая ол жар басындағы жалғыз лашыққа жетті. Әбден азып-тозып құлайын – деп тұр екен, тек қай жақ жанбасына жантаярын білмей, әзірше қалқайып тұрған тәрізді. Үйректің балапанын жел ұшырып әкете жаздап, жан дәрмен жерге бұғып, әзер аман қалды.


Жел екпіндеп, екілене түсті. Балапан байғұстың күні не болар екен! Бақытына қарай лашықтың есігінің бір топсасы шығып кетіп, саңылау беріп тұр екен, және сол саңылаудан жып етіп ішке кіруге болатын тәрізді. Сәті солай түсті.


Жар басындағы жалғыз лашықта бүкірейген кәрі кемпір, еркек мысық пен мекиен тауық үшеуі ғана тұратын. Жонын күжірейтіп, пырылдап ұйықтағаны үшін мысықты кемпір «ұлым» дейтін, және ол мысықты түгіне қарсы сипасаң, ұшқын шашатын. Ал мекиен тауықты аяғы қысқа болғандықтан «тырбық» - деп атайтын: және күн сайын әманда жұмыртқалап тұрғаны үшін, кемпір оны туған қызындай жақсы көретін.


Таңертең бұралқы байғұс бірден көзге түсті. Мысық пырылдап, мекиен қыт-қыттап ала жөнелді.
— О не боп қалды? – деп кемпір жан-жағына қарап еді, үп-үлкен балапанды көріп, оны үйінен адасып кеткен семіз үйректің өзі екен – деп қалды.
— Алақай! – деді ол. Егер мынау несібеме еркек болмай ұрғашы болса, онда үйректің жұмыртқасынан да дәм тататын болдым. Е, бәрекелді, өлмесек оған де жетерміз!



Сөйтіп олар үйректің балапанын сын мерзімімен жұмысқа қабылдады. Бірақ апта өтті, ай өтті. Жұмыртқалау ойында да жоқ. Осы үйдің ері еркек мысық та, еркесі мекиен болатын. Екеуінің сөздері ылғи: «Біз екеуміз бір жақ та, басқа дүние бір жақ!» - деп басталатын. Дүниенің тең жартысын, жартысы болғанда да ең асылын біз көтеріп тұрмыз – деп есептейтін. Ал үйректің балапаны бұл жөнінде басқа пікірде болуы да мүмкін-ау – деп ойлайтын. Тауықтың мұндай еркінсінгенді суқаны сүймейді.
— Сен жұмыртқалай аласың ба өзің? – деп ол балапанға мәселені бүйірінен қойды.
— Жоқ.
— Онда дымыңды шығарма, аузыңа ие бол! Ал мысық мынадай сауал берді.
— Сен жоныңды күжірейтіп, пырылдай білесің бе, жүніңнен ұшқын шаша аласың ба?
— Жоқ.
— Олай болса, өзіңнен асқан зиялылар әңгіме айтып тұрғанда қыстырылмай жайыңа отыр.


Сөйтіп үйректің балапаны бір бұрышта үрпиіп отырды да қойды. Күндердің бір күнінде ол таза ауа, жайнаған күн, самал желді сағынды. Суда емін-еркін сайран салғысы кеп кетті. Ішті кернеген сарыуайым сыртқа теуіп, ақыры тауыққа сырын айтып қойды.


—    Қарай гөр мынаның дәмесінің зорын! – деді анау қыт-қыттап. Істейтін іс жоқ, ауыратын ауру жоқ. Еріккеннен қияли боп кеткенсің ғой! Одан да не жұмыртқала, немесе пырылда, желігің сонда ғана басылады!
—    Шіркін-ай, суда жүзгенге не жетсін! – деді балапан күрсініп. Ал тұңғиықтың түбіне дейін сүңгіген одан да ғажап, рақат қой!
—    Рақатының түрін қара мынаның! – деп қыт-қыттады мекиен. Имандай шыным, әбден есіңнен ауысқансың! Анау отырған мысық мен білетіндердің ішіндегі ең ақылдысы, ең данасы, содан сұрашы нанбасаң, жүзу мен сүңгуді жақсы көре ме екен? Мен тіпті өзім жайлы айтпай-ақ қояйын. Оған сенбесең, бұл дүниеде біздің кемпірден өткен данышпан жоқ, содан сұра. Ол да жүзу мен сүңгуді жақсы көреді – деп ойлайсың ба?
— Менің жайымды сендер қайдан түсінейін – деп едіңдер! - деді үйректің балапаны.
— Біз түсінбегенде кім түсінеді – деп отырсың сені? Өзімді айтпай-ақ қояйын, бәлкім, сен мысықтан да, бәйбішеден де ақылдымын – деп ойлайтын шығарсың өзіңді? Ақымақ болмай, қара басыңа жасаған қаншама жақсылығымыз үшін тәңіріге рақмет айтпайсың ба? Қаңғып келдің пана болдық, тоңсаң жылындың, ашықсаң тойындың, қауым болып қатарымызға алдық, үйрететін тәліміміз де мол, бірақ сен сияқты миғұлаға айттың не, айтпадың не? Сен менің айтқаныма имандай сен, мен сені жақсы көріп, жақсы болсын -–деп ұрсам, «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Сен не жұмыртқалауды үйрен, немесе пыр-пыр етіп түгіңнен от шығаруды үйрен!
— Одан да менің осы арадан табанымды жалтыратқаным дұрыс па – деп ойлаймын! - деді үйректің балапаны.
— Кетсең жолың болсын! – деді мекиен.


Сөйтіп балапан үйрек олардан да кетіп қалды. Жүзіп, сүңгіп күнелтіп жүр, бірақ жан-жануардың бәрі баяғысынша ұсқынсыз – деп жек көреді.
Күз келді, ағаштардың жапырақтары сарғыш тартып барып, күреңденіп қурай бастады, оларды өкпек жел үзіп алып, аспанда шыр көбелек айналдырады; аспан айдыны сұстана суық тартып тұр; қорғасын бұлттар торланып, қиыршық қар ұшқындатады. Шарбақ басында бүрісіп отырған ала қарға қарлыққан даусымен қарқ-қарқ етеді. Соның өзі тұла бойыңды түршіетіріп мойныңа мұз салып жібергендей болады. Сорлы балапанның көрген күні күн емес.


Бір күні намаздыгер мен намазшамның арасында құрақтың арасынан ғажайып әсем әрі үлкен бір топ құс саңқылдап аспанға көтерілді; жаңа жауған кіршіксіз аппақ қардай, ұзын мойнын әсем иген мұншама сұлу құсты балапан үйрек өмірінде ешқашан көрмеген еді! Бұлар аққу болатын. Сұңқылдаған сырлы сазы қандай сұлу десеңші! Керемет әдемі қанаттарын кербез сілтеп осынау салқын сая көкорай шалғыннан олар сонау жылы жаққа жерұйыққа, айдынды шалқар көлдерге сапар шегіп барады. Олар самғай ұшып шырқау биікке шарқ ұрды, ал ұсқынсыз балапан үйректің әлденеге көңілі босап, жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді. Су бетін қанатымен сабалап, айнала үйіріле бебеу қақты да, мойнын аспанға созып, өзі де әлгі құстар сияқты бұрын естіп көрмеген ғажайып бір үнмен сұңқылдап қоя берді, тіпті өз даусынан өзі шошып кетті.



Ғаламат құстар тұрса есінен, жатса түсінен шықпай қойды. Аналар көз ұшынан ғайып болған кезде судың тұңғиық түбіне сүңгіп барып қайта шықты, бірақ жабырқаған көңілдің ұйтқыған қобалжуы сабасына түсер емес. Ол құстардың қалай аталатынан білмесе де оларды жанындай жақсы көріп қалды, дүниеде ендігі жақыны тек солар тәрізді. Олардың сұлулығына қызыққан жоқ ол. Олардай болу қайда? Ондай арман үш ұйықтаса түсіне де кірмейді! Олар түгіл мына дарақы үйректер өз қауымынан аластап жүрмесе, соның өзіде ұлы бақыт қой ол үшін, ұсқынсыз сорлы балапан үйрек-ай!


Ал қыс дегенің ол жылы өте қатаң болды. Астындағы су мұз боп қатып қалмауы үшін, балапан үйрек ерсілі-қарсылы тынымсыз жүзді де жүрді, бірақ мұз қатпаған су беті күн санап қусырыла берді, қусырыла берді. Аяздың қаттылығы сондай, тіпті мұздың өзі шытырлап сына бастады. Балапан үйрек жарғақ табанымен жанталаса есіп, бір сәт дамыл тапқан жоқ, бірақ ақыры әбден әлсіреп талып түсті де, қанаты мұзбен бірге қатып қалды.


Ертеңгілік сол маңайдан өтіп бара жатқан шаруа мұзға жабысып қалған балапан үйректі көзі шалды. Ол ағаш шәркесімен мұзды ойып жіберіп, балапанды үйіне апарып әйеліне берді. Шаруаның үй іші балапан үйректі жылытып, есін жинатқызды.


Сөйтіп балалар күндердің бір күні, балапан үйрекпен асыр салып ойнамақ болды, бірақ бұл өзін өлтірмек боп жүр екен – деп қорқып кетіп, жалтара қашты да, қалбалақтап жүріп шарадағы сүтті төгіп кетті. Сүт төгіліп, бәйбіше жан даусы шығып, қолын сермеп қалғанда, балапан үйрек сасқалақтап барып май салған күбіні, одан кейін ұн салған кебежені аударып алды. Ойбай-ай, түрі не боп кеткен байғұстың? Шаруаның әйелі баж-бұж етіп, шымшуырды ала жүгірді, балалар опыр-топыр жүгірісіп, у-шу-мәз-мейрам боп, ішектері қатқанша күлді де қалды. Әйтеуір, сыртқы есік ашық тұр екен, балапан үйрек алас-күлесте қашып шығып, жап-жаңа жауған ақша қарға сүңгіп кетті де, есін жия алмай, сол жерде ұзақ жатты.



Осынау қаһарлы қыста балапан үйректің басынан кешкен азап пен қорлықты айта берсек, жаныңыз елжіреп көзіңізге жас алар едіңіз. Күн көзі жер мол шуақ, нұрлы шапағымен қайтадан қыздыра бастаған кезде, ол тоғанда қамыс арасына барып паналады. Міне, бозторғайлар ән салып, көктемде келді.


Балапн үйрек қанатын қағып-қағып жіберіп, ұша жөнелді. Қазір оның қанаты бұрынғыдай емес, әлдеқайда құдіретті, сермеп қалса су-су етеді, көзді ашып-жұмғанша үлкен бақтың ішінен бір-ақ шықты. Мұнда алма ағаштары шешек атып, хош иісті бүрген тоғайы ұп-ұзын, жап-жасыл жапырағын мәулете, жыланша ирелеңдеген каналға төніп тұр.


Шіркін-ай, неткен жұмақ жер еді, көктемгі жұпар ауасы қандай тамаша! Кенет қалың қоғаның арасынан күмістей аппақ, ғажайып сұлу үш аққу жүзіп шыға келді. Судың бетін сызып, қандай әсем, қалай жеңіл жүзеді. Үйректің балапаны осынау сұлу құстарды бірден танып, көңілі бір түрлі құлазып, мұң басып кетті.


«Осынау құс патшаларына ұшып барайыншы! Бәлкім, олар осындай жексұрын бұл да қастарына жетіп барғаныма ашуланып, мені табан аузында өлітіріп те тастар, мейлі өлтірсе, өлтіре берсін! Үйректер мен тауықтардың тістегені мен талағанына, құс бағушы қыздың тепкісіне, әрі қысытгүні аяз бен ызғырыққа көніп жүре бергенімше, солардан-ақ көрейін көресемді!»



Сөйтті де ол ұшып барып суға қонып, айдай сұлу аққуларға қарай жүзе жөнелді, олар да мұны көре салып қарсы жүзді.
— Осы арада өлітіріп кетіңдер мені! – деп ажалын күтіп, сорлы бейшара мойнын төмен иіп, құлшылық етті.


Апыр-ау, айнадай мөп-мөлдір су бетінен көргені кімнің суреті? Өзінің сәулесі екен ғой! Енді ол ұсқынсыз күлгін түсті күс емес, нағыз аққудың өзі болып шықты!
Аққудың жұмыртқасынан жаралсақ, үйректің ұясында туудың айыбы жоқ!


Енді ол өз басынан соншама қорлық-зорлықты өткергеніне өкінудің орнына, қуанатын болды: ол өз бақытын, өз сұлулығын, өзін қоршаған төңіректі дұрыс бағалай алады, қадірін біледі. Ересек аққулар оны бауыр тартып, тұмсықтарымен қанатынан сипап еркелетіп келеді.


Баққа кішкентай балалар жүгіріп келіп, аққуларға дән мен нанның қоқымын тастай бастады, ал ең кішкентайы:
— Мынау жаңадай пайда болған ғой! Жаңа аққу! – деп айғай салды.


Басқалары да: «Иә, жаңа, жаңа келген!» - деп, дабырласып ананың сөзін құптайды, алақандарын шапалақтап, алақайлап қуанады. Әкелері мен шешелерін ертіп келуге жүгіре жөнелді де, қайтып келіп, тағы да нанның қоқымы мен тәтті тағам қалдықтарын лақтыра берді. Жаңа келген аққу бәрінен де сымбатты, бәрінен де сұлу екен – деп мақтасады. Өзі жап-жас, өзі сондай көркем!


Сөйтіп кәрі аққулар оның алдында бас иді.


Ал ол ұялғаннан тұмсығын қанатының астына тықты. Не істерін білмей қолайсызданып қалды. Қол жетпес бақытқа кенелсе де, мастанып кеткен жоқ, жүрегі ізгі, жаны жомарт болса, тәкаппарлық еш уақытта жұқпайды ғой. Өзін жұрттың бәрі көзге түрткі қылып, жабыла соңына түскен кезін ол ұмытқан жоқ; ол енді сол жұрттың бәрі кереметтің кереметі, сұлудың сұлуысың – деп көкке көтереді. Бүрген ағашы хош иісті жапырақтарын төбесіне сая қылып, күн оған еркелете нұрын төгеді... Әне, оның да бұғанасы қатып, қауырсыны бекіп, қанаты суылқағып, мойнын алға созды, кеудесін жарған қуаныш үні, шаттық дабылы саңқ ете қалып, сұлу бір сыңқылға ұласты.
«Ұсықынсыз балапан үйрек боп жүргенімде мұндай арман, мұндай бақыт ойыма келіп пе!» - деді ол.



 





Комментарии

T.Aximhan 25.10.2022 11:23
Ертегіні кым аударған? аудармашының аты жазылмай қалыпты. және, ертегінің жазылған жылы да көрсетіле кетен болса құба-құп болар еді..

Пікір жазу