Түзу терек
Заманында бар екен қариясы,
Өзі әйел, ағарған қардай шашы.
Түзуліктен аспанға басы жеткен,
Сол кемпірдің бар екен бір ағашы.
Уақытында патшасы көрді мұны,
Көрді-дағы ағашқа кетті зейіні...
Қылды сауда кемпірдің сол терегін,
«Берейін деп жаныңа не керегін».
Бір рахат қылмаққа көңілденді,
Қазынаның сарп етіп бір бөлігін.
Айтты кемпір «сатпаймын ағашымды,
Кім біліпті менің де үй салмасымды?
Тартып алса, шақтым жоқ, ала берсін,
Тәуір ағаш екен деп жарасымды».
Қазымырлығын патшаның көзі көріп,
Қылды қымбат саудасын кемпір келіп.
Ақыр алды патша сол ағашты,
Ауызына сиғанша ақша беріп.
Сол ағашты бір асқан ұста шапты,
Жарқыратып сап-сары алтын жапты.
Кемпір келіп құшақтап сол ағашын,
Кезекпенен сүйеді екі басын.
«Айналайын ағашым, туралықпен,
Қылдың құмар шаһардың падишасын.
Сары алтынға мен де қарық, өзің де қарық,
Болды құмар бойыңды көрді де халық.
Иір болсаң кім сені алар еді?
Туралықта болады осындай парық».
Ұстын болар мешітке түзу терек,
Қисық ағаш туралар неше бөлек.
Жақсы деген қыңырлық еш дерек жоқ,
Тарихтарды ақтарып қылсақ дерек.
Тура жүрсек азбаймыз сіз бенен біз,
Жақсы болмас еш қыңыр басылған із.
Бір алып туралықтан жүрер мыңға,
Қыңырлық не шығады болса да жүз?