22.07.2021
  158


Автор: Мақсұт Неталиев

Ізтайдың ізеті

Мұнартып ертелі-кеш көктің алды,
Жаз өтіп, мезгіл еді күз таяған.
- Сен бала, қайдан жүрсің? - деп сұрады,
Бұрыштан шыға келген Ізтай ағам.
Сөйтті де қоя берді өлеңдетіп:
- Ағаңның бір нәрседен сағы сынды.
Жаратқан сені тәңір өнерлі етіп,
Айтпай-ақ білесің ғой мәнісімді?!
Сен едің Неталиев Мақсұт деген,
Өсірді анаң сені ақ сүтпенен.
Қалтамда көк тиын жоқ!
Шынымды айтсам,
Бір-екі саптыаяққа қақсып келем.
- Жүр! - дедім, - Ізтай аға, жүр ендеше,
Шәмілге де айта сал, жүрем десе.
"Ақаң" жаққа әліміз жетпесе де,
Саптыаяқты табармыз бірер кесе!
Күлді Ізағаң кеңкілдеп:
- Әйда кеттік!
Жаяу-жалпы сыра бар сайға жеттік.
Ақ қайыңның түбінде қыздар отыр,
Әзіл тастап, тиісіп қайрап өттік.
- Абайлаңдар, аш құрсақ тиіспеңдер!
Сыра қойып алдымен сый істеңдер.
Қара көздер қай жаққа қашар дейсің,
Мезгіл бар ғой танысып, сүйіссеңдер!
Арқа сүйер жоқ болып үлкен тірек,
Алда-жалда жүрмесін жыр тентіреп!
Көтерелік сол үшін! - дейді ағамыз,
Жіберіппіз сол үшін сілтеңкіреп...
Ары таза, бұзылып, бүлінбеген -
Аруларға арналсын бүгінгі өлең! -
Деп алды да Ізағаң әнге басты,
Қарап қойып қыздарға күлімдеген!.
"Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көп қарайсың көрген сайын қадалып.
Қарағаның кандай жақсы, қарағым,
Қандай тұнық сырға толы жанарың!"
Жан-жақтан қосылдық та жамырасып,
Сол әнге кетті дейсің ән ұласып.
Жүрсе де азып-тозып, арып-ашып,
Пенденің сұлулыққа бәрі ғашық!:
"Жанап мені өткеніңде жымиып,
Жалт қараймын, көп қараймын қиылып.
Күлімдеген қара көздер сүзіле
Жаутаңдатты-ау, жаутаңдатты-ау ізіне"
Бұрылмай басқа жаққа, басқа маңға
Мықты бір айналғандай тас қамалға,
Күн бата қайттық үйге Астананы -
Ақ жаңбыр шомылдыра бастағанда!





Пікір жазу