22.07.2021
  117


Автор: Мақсұт Неталиев

Күз картинасына қарап

Су тұнып, айдынында - бу сақталған,
Ағаштар жылқы құсап жусап қалған!
Жапырақ дір-дір етіп тоңып жатыр,
Үстіне керпе сұрап жұмсақ талдан.
Ай туып - қызыл ерін қиықтанған,
Сәулесін түсірмейді бұйыққаннан.
Қарағай, қайың, терек тұнжырап тұр,
Көл үсті - сүт секілді ұйып қалған.
Талдар жоқ көктемдегі бүршік атқан,
Бұлақ жоқ - тастан-тасқа ыршып аққан.
Бастарын кеудесіне тығып алып, -
Торғайлар бұғып отыр - күншуақтап.
Шыққандай бір айдаһар бұлт ішінен,
Қорқасың шұбар бұлттың түр-түсінен.
Жылжиды анда-санда бір күрсініп...
Күн көзі жаңылғандай күлкісінен.
Қайың-қыз ақ көйлекпен жүретұғын,
Сыпситып киіп апты - сұр етігін...
Тұрғандай қызығып һәм қызғанып та,
Түріне жазда түскен - суретінің...
Тау жатыр жамылып ақ - тонын ауыр,
Қағады тоқылдақтар- қоңырауын...
Күліп түр бәз-баяғы қалпымен тек,
Шыршалар - ашып тастап омырауын!
Осылар - өзгермейтін киелі бақ
Осылар - сүйсе өмірді, сүйеді нақ!
Жомарт жаз қош айтысып бара жатыр,
Қаздардың қанатына - тиеліп ап...
Күн өтті.
Алға тағы асты бір күн...
Бейнесі осы ма еді - жас ғүмырдың?! ...
Күз құсап қоңырайып отырмын мен,
Түсіріп ақ желкенін - жастығымның!





Пікір жазу