22.07.2021
  142


Автор: Константин Паустовский

Қолбасшы

Түнде мен Махачкаладан Ембіге, Гурьевке (қазіргі Атырау - ауд.) жүріп кеттім. Жол Астрахань арқылы жүреді.


Ертеңгілік мен Каспий теңізін танымай қалдым. Сұйық бозғылт лай сонау көкжиекке дейін шалқар көл сияқты көсіліп жатыр. Оның арғы шетінде су түбінен шыға келгендей болып, түнерген қара маяктар мен айқыштары жоқ шіркеу мұнаралары қаңқиып-қаңқиып түр - олар Еділдің құярлығындағы жазық аралдардағы балықшылардың селолары еді.


Біз он екі футтық рейдке - кеме тұрағына жақындап келдік, мұнда ашық теңіз ортасында зәкірін тастап, тұтас бір жүзбелі қала - ауруханасы, поштасы, жолаушылар тұрағы, лихтерлері мен ежелгі мониторларға ұқсас "асханасы" бар әйдік кеме ырғалып тұр екен.


Мен жүздеген желкендері айналасын жамырап қоршаған, ауасында тұзды балық иісі аңқыған, Азияның саман үйлері сияқты, шаң-тозаңы бұрқыраған Астраханьды көрдім.


Балық кәсіпшілігінің салдарында күн демей, түн демей үстіне көк болаттан сауыт кигендей-ақ, он бойы балық қабыршақтарынан көрінбейтін, күнге күйіп қарайып кеткен кісілер балықшылар қайықтарынан қолдарындағы багорларымен шұбар бекірелерді қағып алып, тақта үстіне шалп-шалп еткізіп лақтырып тастап жатыр. Бұттарына көк шалбар киген таусылмайтын қыздар тізбегі шұбатылып, алтын түсті сары сазандарды жылтыраған дымқыл сағақтарынан ұстап алып, тоңазытқыштарға салып жатыр.


Астраханьнан біз доңғалақты пароходпен үш тәулік бойы ілби жүзіп, Гурьевке жеттік, жолай қуаңшылық күйдірген аспан пан басқа, сары теңіз бен балықшылардың зәкірге байлап қойған шаландаларынан - жайдақ баржаларынан басқа ештеңені де көрмедік.


Астрахань мен Гурьев арасында бірде-бір порт та, бірде-бір баспана да жоқ. Жағалаудан алпыс шақырым жерде сырықты теңіздің құмдауыт түбіне оп-оңай тіреуге болады. Жағалаудан алыс, теңіздің ішіне қарай сыңсыған қара құйрықты қамыс тоғайлары созылып жатыр. Сол себепті де жағалауды "қарақұйрық" деп атайды. Олар алыстан ағарған жиекті қара сиямен көмкерген жад сияқтанып тұрады.


Осынау жолды да, пароходты да оның тұрақты жолаушылары жақсы біледі. Азияның оңып кеткен аспаны сияқты, жол да бір сарынды, кісіні жалықтырады. Әуелі Еділдің лайсаң сары суы көрінеді, сосын Белинский шүңейтінен кейін, су баяулап жасылдана бастайды, ал Забуруньеде ауа райы қандай болсадағы кез келген кемені шайқап-шайқап өткізеді. Пароходта әманда сол баяғы қортық капитан, теңізді ежелгі жез дүрбімен шолып тұратын бәз баяғы сақалды штурвалшылар, дәмсіз щи мен балықты әрдайым көбірек тұздап әзірлейтін, со баяғы танымал аспаз - сұр бойдақ жұмыс істейді.


Ақырында бакландар мен су бетінде шалқасынан жатып ұйықтайтын түлендер көрінеді, сол-ақ екен, күллі пароход жұрты "үһ" деп бір демалды: демек ұзамай Гурьев рейді көрінеді, сопың ар жағынан құм таспа шөбі қаптап өскен, тұзды соры бетіне шығып жатқан қуаң шөл аңғарылады. Хош, міне, рейд. Пароход оған бор тәрізді аппақ аралдар арасымен жылжымалар жетті де. Дағдыланбаған кісі ақша бұлттардың материк тәрізді тұнық су бетіне шағылысып түскен сәулесін осы аралдармен шатыстырып алуы да мүмкін еді. Олар сәл ғана шырайланып, шөл-бағбан үстінде қимыл-қыбырсыз тұр. Кеш әлетінің алуан түсті бояуы мен кобальт тәрізді көкпеңбек түннің ұлылығын соларды мегзеп көрсету үшін бұл араға әдейі қойған тәрізді.


Көмір тиелген пароход нар қамыстың арасындағы қылтамен - Жайыққа жүзіп кіре берді, тек түн ортасы кезінде ғана ауада қалқып тұрған шаң-тозаң арасынан "Ембі мұнай" қалашығындағы светофорлар жана берді. Оның қарсы алдында, Оралдың он жағалауында терезелерімен қалғып-шұлғып Гурьев тұр.


Балық пен жанған шөптің иісі шығады. Пароход гудогі жылаңқы ащы даусымен қаланы оятып, құлазып жатқан кемежайға баса-көктеп кіре берді.


Ертеңгісін мен Оралдың арғы бетінен күллі "Ембі мұнай" қалашығын көрдім. Өзеннің азиялық жағалауына - оны бұл арада Бұқар жағы деп атайды - ақ құстардың сан жетпейтін мол үйірі қонған секілді болып көрінеді. Бүкіл үйлер қардан қатталып жасалған тәрізді. Осынау қалашық толайым, тіпті трестің үш қабат үйі де, қамыстан қатталып жасалған болатын. Сосын қамыс сыртынан сылақталып, бормен ақталған еді. Қамыс - Каспий теңізінің орман-тоғайы жоқ құлазыған жағалауы үшін, ең тәуір құрылыс материалы еді, ал мұнда сыңсыған қамыс тоғайы жүздеген шақырымға созылып жататын. Болашақ Қарабұғазды бәрінен де қамыстан салған оңай. Қамыс үймен қатар қойғанда, саманнан-қам кесектен салынған үйлер үңгір адамдарының бекінісін еске түсірер еді. Саман - қи араластырылған балшық. Қаңсыған қуаң шөлде саманнан үй салу, ағаштан салудан жеңіл емес - саманды әзірлеу қисапсыз көп суды қажет етеді.


Жол сапарда жүрген кезде мен тек бір адамды - саман лашықтары құрып барады деп өкініш білдірген инженер Куперді ғана көрдім. Мен Купермен Оралға салынған жүзбелі көпір үстінде таныстым. Ол қармақпен сазан аулап жатқан балаларға қызыға да қызғана қарап тұр екен. Бір бала қуанғаннан жүрегі жарылардай болып, лай судан деміккен сазанды тартып алған сәтте, Купер маған бұрыла қарап:


— Бәтшағардың бақыттысын! Шіркін-ай, мына шақырайған күн астыңда, қармақ салып отыратын бала болар ма едім! Таптырмайтын іс қой бұл! - деді.


Менің Куперге айтар алғысым көп: ол мені бүкіл Ембі алқабының білгірі, шөлдің қарт тұрғыны инженер Давыдовпен таныстырды.


Ол мені ғажайыптар бөлмесіне бейхабар кісіні қалай кіргізсе, со бір инженердің бөлмесіне тап солай кіргізді. Үстел басынан алысқа жүзетін кеменің капитанына ұқсайтын, ақ киімді, ұзын бойлы арық кісі түрегелді.


Ол маған қатулана бір қарап, қолын жайып жіберіп, отырыңыз дегендей болды. Оның ақ шашты басы металдан құйылған тәрізді. Купер біздің сұхбатымыз кезінде бірге болуға рұқсат сұрап, бір бүйірге барып, бізді құрметтейтінін сездіріп отыра кетті.


Давыдов сөйлей жөнелді. Оның даусы қоңыр, сөзі анық. Оған көз тоқтата қарап отырып, мен Пржевальскийді еске алдым, Гоби мен Сахаранын ежелгі зерттеушілерін, қуаң құмда мыңдаған армиясын жоғалтқан генералдарды, өзімнің мектептегі жылдарымдай аңқау бала қиялында шөл-баябанның қандай романтикаға толы болғанын - нарларды, көңкелерді, құм борандарды, шығандағы жалғыз-жарым құдық қасында қурап қалған аттың қаңқаларын еске түсірдім.


Давыдов сөздерін қысқа қайырып, соңына нүкте қойғанда демігіп қалғандай болады екен.


Қарабұғаз бізге не бере алады, ал, Қарабұғазға Ембі не бере алады? Тамаша! Біз мұнай бере аламыз, бірақ оны отынға жұмсайын десең, біздің мұнай тым жақсы ғой. Біздің мұнайдың түскейдегі шеті - Қара Шұңғыл, Қаратон және басқалар - Қарабұғаз бен Маңғыстауға теңгермелі түрде жақын жатыр.


Менің ойымша, теңіздің бүкіл шығыс жағалауы - Ембі, Маңғыстау, Қарабұғаз, сонау Чикишлярға дейін - шөл шекарасындағы аса қуатты өнеркәсіптік белдеуге айналуға тиіс. Біз мұнайды береміз, Маңғыстау - көмір мен фосфориттерді, Қарабұғаз - мирабилита, күкіртті, күкірт қышқылын, сода мен басқа да химиялық өнімдерді береді, Чикишляр -газдарды, Челекен - мұнай мен озокеритті береді. Баку батысқа, ал біз Шығысқа жұмыс істеуіміз керек.


Біз Қарабұғазға тағы да не бере аламыз? Осында, Ембіде Александр-Гайдан Хиваға баратын темір жолды салу идеясы пайда болған. Мен сол жолмен керуендетіп жүріп өттім де зерттеулер жүргіздім. Бұл шөлдің дәп жүрегінен кесіп өтетін бірінші жол болады. Ол осы уақытқа дейін өлі жүк болып жатқан бірқатар байлықтарды: көшімнің шалғынды алқабын, индердің тұзы мен калийін, Гурьевтің балығын, Ембінің мұнайлы жерін, Арал теңізі мен Хиуа көкорайлы аймағын жандандырады.


Жаңа жол Үстірттің құнарсыз кеңістігін игеруде орасан зор рөл атқарады. Осынау іс-әрекеті арқылы ол Қарабұғаздың өркендеуіне игілікті әсер етуге тиіс. Жол басып өтетін шөлде су жоқ. Жол тепловоздармен жұмыс істейтін болады.


Ақырында, үшіншіден, Қарабұғаз соданы өндіреді. Соданы өндіру үшін, біз оны Ракушадан керемет әкпен жабдықтап отырамыз, Ракуша - Ембі кәсіпшілігінің теңіздегі пристаны. Біз Ракушадан порт жасаймыз.


Біз мұнай айыратын заводтар саламыз. Мұнайды айыру үшін күкірт қышқылы керек. Оны бізге Қарабұғаз береді, сөйтіп біз онымен есеп айырысамыз. Қарабұғаз комбинатын салу Ембіден Атрекке дейін созылып жатқан бүкіл жағалаудың шаруашылық мүддесіне қатысты екенін өзіңіз де көріп отырсыз ғой. Шөл-баябан өзінің өнеркәсіптік жүрегіне ие болады...


Давыдов үндемей қалды.


— Қадымнан бергі арманым жүзеге асты, - деді ол, сосын терезе жаққа бұрыла қойды.


Мен оның қырынан қараған кейпіне қарадым. Ол Римнің жартылай қажалған теңгелеріндегі қолбасылардың қола дидарларын есіме түсірді.


Прокофьевпен арамыздағы сансыз айтыс-тартыстардың кезінде, бір күні біз кісінің ерік-жігерін нығайтатын пофессия жөнінде сөз қозғадық. Прокофьев ең күшті ерік-жігер иелері зерттеушілер деп дәлелдеді. Давыдов тумысынан зерттеуші болатын. Оның қуаң шөлмен біте қайнасып кеткені жанарының жітілігінен, байсалды да бапты үнінен сезіліп тұратын. Давыдов бастаған ісінің бәрін де тиянақты аяқтайтын. Доссордың тұзды кебірінде ол бау есіруге бел байлады. Оның осы ойы тіпті ботаниктердің өзіне ерсі болып көрінді. Бірақ Давыдов жұрттың мазақтап күлгеніне мүлде бейжай қарады.


Ол екі жыл бойы сортаң жерді жатырқап, семіп қала берген бұталарды мәпелеп, күтіп баптады. Ол топырақты көзін тауып суарумен - арық-атыздап өңдеумен құнарын арттырды, ал қазір Доссорда жұмысшылар кешқұрым "өз паркіне" барып серуендейді. Сол араға барып, баяғыда ұмыт қалған егеудей бұтақтарды қолымен ұстап көріп, жамыраған жапырақ жұпарын иіскеп байқауға болады.


Александр-Гайдан Хиуаға баратын темір жол жөніндегі зерттеулері Мәскеуде бекітілгеннен кейін, Давыдов өзін партия қатарына қабылдау туралы арыз берді.


"Өзімнің өмір бойы қуаң шөлді игеру жөніндегі жасаған жұмысым, - деп жазды ол, - тек партияның саясаты арқасында ғана іске асып, шөл дала тіріледі".


Үнсіздік ұзаққа созылды. Давыдов көзімен мені бір шолып өтті де бәсең үнмен сөз бастады:


— Бүкіл өмірін шөлге бағыштаған тек бір мен ғана емеспін. Бірақ осынау әлі кеңістіктерді жаулап алу ісінің әрі куәсі, әрі қатысушысы болу менің ғана үлесіме тиіпті. Осы күні кеше ғана Қарабұғаз ырымшыл көшпелілер мен теңізшілердің зәре-құтын қашыратын. Оның жағалауын айналып шығуға тіпті зерттеушілердің өзінің жүректері дауаламайтын. Мәдени көгалды аймақ адамдарының түсінігінде ол нендей жер еді? Ол ажал мен улы су шығанағы, нағыз дозақ болатын. Ғасырлар бойы шөлге кісі қолы тимей тусырап жатты. Ол ғасырлар бойы байлық қорын жинай берді. Енді біз оны тартып аламыз. Біз енді шөлдің ең қорқынышты қасиетін тіршіліктің көзіне айналдыру тәсілдерін табудамыз. Мен күнді айтып отырмын. Оның энергиясымен шөл суарылатын болады. Физиканың бір улы заңы бар. Ол - энергия тек бір ғана жағдайда, температуралар айырмашылығы болғанда ғана туады - дейді. Шөлдегі температураның бір ғана тәулік ішінде күрт секіруі пәті қатты желдерді туғызады. Қарабұғаз Каспий теңізіндегі ең сұмдық дауылды жер деген атымен әйгілі. Біздің Доссор кәсіпшілігін көпшілік желдердің түйіскен торабы дейді. Доссордың қара дауылдары миллиондаған аттардың күші бар энергиясын құнарсыз іске - тек қана қыруар шаң-тозаңды бұрқыратып көтеруге жұмсайды. Жел - алапат энергия, бірақ біз тек осы уақытқа дейін оны болмашы мөлшерде ғана пайдаланып келеміз. Miнe, сүйсіне беріңіз осыған.


Терезе сыртыңда сықырлаған жел насостары тарсылдап-гүрсілдеп, Оралдың қоймалжың жылы сұйығын арықтарға айдап жатты.


— Жел - біз оны көгілдір көмір деп атаймыз - шөл үшін ең жақсы энергия. Бұл арада бір қалыппен үзбей соғатын желге қажетті жағдайдың бәрі бар. Желсіз жылдардың өзінде шол, соған қарамастан, орташа желді жылмен салыстырғанда, жел энергиясының жетпіс пайызын береді. Сізге Қазақстандағы желдердің жылдық қуатының қанша екені беймәлім болар? Несін айтасыз, өте қызғылықты цифрлар. Екі жүз отыз миллион аттың күші. Қазақстанның энергетикалық қорында жел тоқсан алты пайыз орын алады.


Купер орындығында отырып, қозғалақтай берді.


— Мені қияли деп есептеп жүрмеңіз, - Давыдов орнынан тұрды, - бірақ шөлдің желін көлік мақсатыңда да пайдалану керек. Мен осынау ойымды әлі де болса толық іске асыру жолын дәлме-дәл тапқан жоқпын, бірақ менің құм арасында желкен арқылы хабарласуды көз алдыма елестете аламын, өйткені онда өсімдіктер де, елді мекендер де, таулар да жоқ, сол себепті де қозғалыс жасауға ештеңе де кедергі жасай алмайды. Күн, жел және температураның шұғыл алмасуы шөлді жасаған, солар енді оны өлтіре де алады. Бұған ешбір күдіктенуге болмайды. Ертең Купер жолдас біздің ең алыс кәсіпшілігіміз - Мақатқа жүреді. Сонымен бірге аттаныңыз, мен, сонда сіз көптеген қызықты нәрселерді көресіз деп сенемін.


Кешкілік мен оны теннис кортынан көрдім. Ол допты қабылдау үстінде ұпай санын көмейінен қайыра есептеп тұрды. Кортты айнала қоршап, қызғылт түсті сисадан кең шалбар киген қазақтар малдас құрып отырып алыпты, олар допты кемеліне келтіріп ұрған сайын ойыншыларды қолдап, қышқырып отырды.


Оралдың арғы бетіндегі Гурьев тезек жағып, қою түтінді будақтатып жатты. Ал, сол араның Бұқар жағында аппақ сүттей болып, кешкі шамдар жанды, қуаң шөл үстінен ай баяу көтеріле берді. Ол жоғары көтерілген сайын, оның жүзінен қоңыр түсті саз топырақтың шаң-тозаңы ұшып түсіп жатқандай болып көрінді.


Купер мені көрісімен, ойынды қойып, қасыма келді. Біз әңгімелесіп тұрғанда, бір түйе маң-маң басып бізбен қатарласа берді. Ол сәл аялдап, бозғылт көк еріндерімен күйсеген күйі, бізге менсінбей, көз тоқтатып қарай бастады. Купер мені шынтағымнан ұстап, бір бүйірге ұстап апарды, - сөйтсек біз қара жолдың тап ортасында тұр екенбіз.


Түйе бізге жиіркене қарап, бір рет ықылық атып, салтанатпен ілгері қарай жүре берді. Ол шағын бір арбаны сүйреп барады. Арба үстінде балалы қазақ әйелі ұйықтап жатыр және граммофонный қаңылтыр трубасы қаңғырлап бара жатты.


Біз бұл көрініске таңғалып, оның соңынан ұзақ уақыт қарап тұрдық. Түйе жолдан бұрылып, арбашаны тура шөлге қарай сүйреп бара жатты.


Құба түзге жайылуға кетті, - деді ол маған мән-жайды түсіндіріп, бір күрсініп қойды.


Мен, меңіреу түкпірде жұмыс істейтін көптеген инженерлердің өз тағдырларына шағынынатына дағдыланып кеткенмін. Инженер қанша ақ жарқын болғанымен, оған жұмысы қанша ұнағанымен, ол жаңа кітаптардың жоқтығынан, газеттердің Мәскеуден екі апта бойы жүретінінен, және кооперативте боржом мен қауіпсіз ұстараларға қажетті алмастың жоқтығынан азап шегіп жүрген сор маңдай екенін, реті келгенде, айтып қалуды ұмытпайды.


Осынау міндетті борышынан құтылғаннан кейін, оның көңіл күйі қайтадан жөнделеді де ол енді өз кәсіпорнын бүйірі қызып әңгімелей бастайтын болады.


Сонда оның мекемесі әманда не "әлемдегі ең тандаулы" кәсіпорын, не ол, егер Мәскеу кредитті кесіп тастамағанда, "әлемдегі ең тандаулы" кәсіпорын бола алатын еді дегенді сездіреді.


Енді мен де Купердің шағымын тыңдауға әзірлене берген едім, шынында да қателеспеппін.


Трестің директоры оны "дачник" ("саяжайшы"), "әсемпаз" деп атайтын. Ашуланған сәттерде ол үстелді жұдырығымен тоқпақтап, Ембі "дачниктерге" мұқтаж емес деп айқай салатын. Директордың қоқан-лоқысына ешкім де мән бермейтін. Өйткені жағдай қиындаған сәттерде оның мүлде айқайламайтынын бәрі де білетін.


— Мен келгенге дейін, - деп шағынатын Купер, - бәрі де тып-тыныш болатын. Мен қалай келісімен, бәрінің де тығыны ағытылып жүре берді. Шөлдің жүз шақырым жеріне барлау жүргізу! Дауыл кезінде Қаратон су астыңда қалды. Бастығымды бүйі шағып, табанда мүрдем кетті байғұс, оның орнына қолма-қол мені тағайындады. Бакуден біреуді жоғарылатып, директор етіп жіберді,- онысы шайтан соққан шіркін екен, ашуланшақ та күйгелек кісі болып шықты, - ақырында, мұнда қуанбағанда - қайда қуанарсың, осы арадан аса қуатты өнеркәсіп белдігін жасамақ. Орталық емес, тұтас бір белдік!


Осы бір жан тыныштығын сүйетін кісімен мен Мақатқа бардым. Жүз қырық шақырымды машина екі сағатта артқа тастады. Көзге елеусіз көрінетін өр мен ылдилар толқыны таусылар емес, сосын олардың орнын алып бір айдын көл тәрізді, теп-тегіс жазық дала басты. Лайсаң ауа бір түрлі сұйық желімді еске түсіреді. Сұрғылт құйын үйіріле шуылдап, жолды кесіп етіп жатты. Саршұнақтар дөңгелек астынан бұршақтай шашылып қалып жатты. Шаңырқап шөлдегеніміз сонша, ерніміз кезеріп, бір-біріне жабысып қалған сияқты.


Бағзы бір кездері шофер машинаны сазы мен құмы аралас жалтаңмен, кеуіп қалған тұзды көлдер табанымен аңырата айдап келеді.


Көктемде сирек жауатын жаңбыр кезінде күллі шөл батпаққа емес, жылпылдақ балшыққа айналып кететінін Купер жырдай етіп айтады. Машина толық газға басып қанша ышқынса да, орнынан қозғала алмайды.


Мен Купердің мылжың сөзін тыңдауға мәжбүр болдым.


— Егер олар Совет ұйымына қарама-қайшы келмейтін болса, онда өзіндік ерекшеліктері бар құрылыстар мен тұрмыстық дүниелерді құртып жіберуге тыйым салатын декреттер басып шығару қажет, - деді ол. - Алатын әсерлердің ор түрлілігі өмірді толықтыра түседі, ал өмірдің толықтығы көңіл күйінің сергек те өршіл болуына жол ашады. Сол себепті де шығыстың куб пішінді құрылыстарын, олардың түр-түсін, жоспарлануын сақтау керек, көшелердегі арықтарды да сақтап, шығыс зертастарын жасап шығаратын зауыт ашу керек.


Купер тіпті, орыстың көне Углич тәрізді қалаларының бірін ескілікті еске салатын көрнекі қала жасау қажет: оның кешерлеріне түймедақ пен убалдырған егіп, оған, Пушкиннің куәлік етуіне қарағанда, таза мәскеу тілімен сөйлейтін бұрынғы просвирняларды апарып қоныстандырған дұрыс.


Оның мылжыңдағаны тек Мақатқа келгенде ғана тоқтады. Құм дауылы ақшыл тілдерін жалаңдатып көтеріле беруден басталды. Құм шымылдығын жарып етіп, Доссордан су әкеле жатқан түйелер керуені маңғазданып өте берді. Суды жыл сайын Мақатқа жеткізуге бес жүз мың сом жұмсалады.


Шалқыған тайыз қол үстінде қара сырықтардың аласа орманы тікірейіп көрінеді. Бозғылт аптап сүйегіңе дейін күйдіріп барады. Тамыры терең насостар тынымсыз түйгіштеп, скважиналардан мұнайды көпіршітіп сыртқа атқылап жатыр. Әуелгі бастау-бұлағын Прокофьев ашқан мұнай өзені яки мұнай теңізі осы арада аяқталатын еді.


Мақаттан біз Доссорға келдік, сосын сол арадан тар табанды жолмен моторлы вагонға отырып, Гурьевке қайта оралдық.


Шөл үстінде қызғылт түтін үйіріліп ұшып барады. Разъездердегі вагондар төңірегінде тыныштық орнаған. Оқта-текте саршұнақтардың ысқырған әлсіз үні естіледі.


Түн кенет төңкеріліп түсіп, шөлді орасан зор жұлдызды бөркімен жаба салды.


Вагонның алдынан тұманды электр отының өзені ағып барады. Жусан иісі мен түннің салқын самалы кең терезелерден ішке құйылып жатыр..


— Сіз Шығыстың ерекшелігі туралы айтып едіңіз. Түнгі шөлмен зулап келе жатқан осынау моторлы вагоннан өткен ерекшелік бола қояр ма екен!


— Мен сізді түсіндім, - деді Купер әр сөзіне мән беріп. Сізде де Давыдовтың ауруындай бір ауру басталып келе жатыр екен. Ол "шөлдің ауруы" деп аталады.


Дәл сол сәтте мен Купердің біздің дәуіріміздің "дачнигі" екеніне біржолата көзім жетті.


— Бұл жол қашан салынған?


— Мың тоғыз жүз жиырма жетінші жылы. Және оны салған да Давыдов.


Мен Гурьевтен кетерде өз жадымда сортаң жерлерге социалистік индустрияның алғашқы жарқын нүктелерін лақтырып тастап кеткен шөлдің ақ шашты қолбасшысы Давыдовтың бейнесін және "дачник" Купердің бейнесін ала кеттім.


Аударған Әбілмәжін Жұмабаев





Пікір жазу