22.07.2021
  262


Автор: Константин Паустовский

Жүк машинасының шанағында

1941 жылдың шілдесінде мен әскери жүк машинасында Днестрдегі Рыбницыдан Тираспольге келе жаттым. Мен кабинада үндемес жүргізушімен қатар отырған едім.


Күн қақтаған құба шаң машинаның доңғалақтары астынан бұрқылдай көтеріліп қалып жатты. Айналаның бәрі үйлер, күнбағыстар, жайдармалар мен қуарған шөп осынау түрпідей шаң-тозаңды жамылған еді.


Күн құқыл тартқан өңсіз аспанда түтіндеп тұр. Алюминий фләгіндегі су жылып, резеңке сасып кеткен еді. Днестрдің арғы жағында канонада гүрсілдеп жатты.


Шанақта бірнеше жас лейтенант келе жатқан. Кейде олар кабинаның төбесін жұдырықтарымен ұрғылап, "Ауа!" деп айқайлайды. Жүргізуші машинаны тоқтата қояды да бір жолдан әрігерек жүгіріп барып, жата-жата кетеміз. Со мезетте айыздары қанғанша шыңғырып, немістің қара "мессерлері" жол бойына шүйлігеді келіп.


Кейде олар бізді байқап қалып, пулеметпен атқылайды. Жолымыз болғанда, ешқайсымыз залал шеккен жоқпыз. Оқтар шаң-тозаңды боратып жібереді. "Мессерлер" ілезде ғайып болады, қақталған жерден тұла бойың қызып, басың гуілдеп, шаңырқап шөлдеп тұрасың.


Осындай бір шабуылдан кейін, жүргізуші күтпеген жерден:


— Жауған оқ астыңда жатқан кезде, сіз не туралы ойлайсыз? Бірдеңені есіңізге түсіресіз бе? — деп сұрады.


— Есіме түсіремін, — дедім мен.


— Мен де сөйтемін, — деді сәл үнсіз отырғасын жүргізуші.


Орман-тоғайларымызды ап-анық етіп есіме аламын, костроманың. Тірі қалсам, отаныма қайтамын — орманшы болуға өтінемін, әйелімді — ол өте сабырлы, сұлу — кішкентай қызымды алып, күзетшіге арналған үйде тұратын боламыз. Сенесіз бе, соны ойласам болды, жүрегім тоқтап қалғандай болады. Ал жүргізушіге олай етуге болмайды.


— Мен де өзімнің орман-тоғайымды есіме аламын, — дедім мен.


— Сіздердің ормандарыңыз жақсы ма? — деді жүргізуші.


— Жақсы ғой.


Жүргізуші пилоткасын бір басып, газ берді. Сонымен әңгімені доғардық.


Әсілінде, мен жақсы көретін жерлерімді соғыста жүрген кездегідей, зарыға еске алмаған шығармын. Мен талай рет өзімнің түннің келуін тағатсыздана тосатынымды байқадым, сонда даланың құрғақ бір сайында, жүк машинасының шанағында, шинеліңді бүркеніп жатып алып, ойыңмен сол жаққа қайта барып, қарағайдың хош иісімен тыныстап, баяу басып, жайбарақат жүргенге не жетсін. Мен сонда өзіме: "Бүгін мен Қара көлге, ал ертең, егер де тірі болсам, Прынің жағасына не Требутиноға барамын" — деуші едім. Со бір қиялымдағы жерлерге баруды күні бұрын сезініп-түйсінуден жүрегім елжіреп кететін.


Бір күні дәп осылай шинелімді жамылып жатып, Қара көлге баратын жолды уақ-түйек, егжей-тегжейіне дейін қалдырмай, көз алдыма елестеткенім бар. Сонда маған күллі қам-қарекетіңді, қиыншылық атаулыны ұмытып, кеудеңдегі жүрегіңнің қобалжи соққанын тыңдап, сол араларды тағы бір көріп, асықпай жүріп өткеннен артық бақыт бұ жалғанда жоқтай болып көрінген еді.


Осындай арман-қиялымда мен әманда деревнядағы үйден таң азанда шығып, көне үйлерді жанай, құмдауыт көшемен жүретін едім. Терезелер алдында консервінің қаңылтыр бланкілерінде отты бальзамин — қынагүл гүлдеп тұрады. Ол жақта мұны "Дымқыл Ванька" деп атайтын. Өйткені қынагүлдің жуан сүрегі арқылы күнге қарасаң, оның мөп-мөлдір жасыл сөлінен бәрі көрінетін, кейде тіпті одан ауаның көбіктері де көзге шалынатын.


Үстеріне оңып кеткен сиса көйлек киген, аузы-басы тыным таппайтын, жалаңаяқ кішкене қыздар күні бойы шелектерін салдырлатып жататын, құдық қасына келгенде, жергілікті жұрт "прожог" деп атайтын тұйық көшеге қарай бұрылуың керек. Сол көшенің ең шеткі үйінде бүкіл өкірікке белгілі сұлу қораз бар. Ол жиі-жиі шыжыған күн көзі астыңда қызыл қауырсыны шоқтай жайнап, жалғыз аяғымен шоқиып ұзақ тұрады.


Со қораздан кейін үйлер бітеді де алыс ормандарға қарай, доға сияқты иіліп барып бұрылатын, ойыншық тәрізді тартабанды теміржол созылып жатыр. Таңғаларлық бір нәрсе, оның құлама сауырында, айналасындағыларға қарағанда, мүлде басқа гүлдер өседі. Цикорий гүлінің қаптаған калың орайы күн қыздырған тартабанды рельстер маңынан өзге еш жерде кездеспейді.


Тартабанды жолдың ар жағында жас қарағайдың ит тұмсығы өтпейтін қалың тоғайы тұр. Ол тек алыстан ғана ит тұмсығы өтпейтіндей болып көрінеді. Оның арасынан кез келген уақытта тырналып өтуіңе болады, бірақ балаң қарағайлар сізді өз инелерімен біраз шанышқылайды және саусақтарыңызда шайырының жабысқақ дағын қалдырады.


Балғын қарағайлар арасындағы құмдауыт жерде биік құрғақ шөп өседі. Әрбір шөптің орта тұсы бозғылттағы, шет-шеті қою жасыл. Бұл шөп қол кеседі. Осы арада ұстасаң сыбдырдай жөнелетін қабыршақты салаубас пен гүл күлтелерінде қызғылт дақтары бар жұпар иісті ақ қалампыр шешек атады. Қарағай түбінде сүтті саңырауқұлақ қаулай өседі. Олардың сүрегіне құм жабысып қалады.


Балаң қарағай тоғайынан өтісімен, биік қылқанды орман басталады. Оның шетін қаулай, шөп басқан жол жүреді.


Алғаш кездескен аумақты қарағай түбіне рақаттана жата қалып, балаң тоғайдың қапырығынан біраз тынығуға болады. Шалқаңнан жатып алып, жұқа көйлегің арқылы салқын жерді сезін, аспанға қарағанға не жетсін. Мұнда ұйықтап алсаң да болады, өйткені жиектері нұрланған аппақ ақша бұлттар кісіні қалғыта бастайды.


Орыстың "Истома" (маужырау) деген жақсы сөзі бар. Соңғы кездері біз ол сөзді мүлде ұмытып кеттік және оны айтудан да ұялатын болдық. Бірақ сөз ертеңгілік жылы орман ішіне жатып алып, ала бұлттарды шексіз тізбегіне қарайтын кездері, өн бойыңызды билеп алатын жаймашуақ ұйқылы-ояу күніңізді тек осы сөзбен ғана айқын жеткізуге болады. Олар зеңгір аспанның алыс бір қиырында пайда болады да беймәлім бір жаққа қарай маңып бара жатады


Осынау орман алаңында жатқанда мен талай рет Брюсовтың мына өлеңдерін жиі еске алушы едім:


...Кең даланың салтанатты тыныштығында,


Емін-еркін жалғыз боп жүрсем деймін


Өткені мен болашақ күндері жоқ


Кең жолыммен мақсатсыз кете берсем.


Қызғалдақтай бір сәттік гүлдерді үзіп,


Алғашқы ғашығындай, нұр сәуле ішіп,


Құлай түс те, көз жұмып, түнекке бат,


Қайта тірілем деген күйікті, қуанышты ұмыт!


Осы өлеңде, ажалды еске алғанына қарамастан, өмірдің дариядай шалқып жатқаны сондай, сағаттар бойы дәл осылай аспанға қарап жатып алып ойлағаннан өзге ештеңе істегің келмейді.


Шөп басқан сүрлеу қарағайлы кәрі орман арқылы өтеді. Бұл орман, теңіздің керіліп-созылып, баяу аунайтын толқындары тәрізді, жалғасып жатқан құм төбелер үстіне қаптай өскен. Бұл төбелер — мұз дәуірінің қалдықтары. Олардың басында қоңыраугүлдер гүл-шешегін төгіп тұрады, ал олардың ылдилары папоротниктердің жыныс тоғайынан көрінбейді. Оның жапырақтарының астына қызғылт шаң тәрізді, тозаң қонған.


Төбелерге өскен орман шуақты. Оның ішінен алысты көруге болады. Ол күн нұрына шомылып тұрады.


Бұл орман жалпақ белбеу (екі шақырымдай, одан көп емес) болып, созылып жатады, оның ар жағынан құмдауыт жазық ашылады, онда жел тербеген егін жайқалып көзге түседі. Сол жазықтың арғы шетінен көз жетер жерге дейін ну орман созылып жатыр.


Жазық дала үстінен өркеш-өркеш ала бұлттар сән-салтанатпен көшіп жатады. Бұл, бәлкім, бүкіл аспан толайым көрінетіндей болғандықтан да шығар.


Бұл жазықты егін арасындағы ошаған басып кеткен меже арқылы жүріп, кесіп өтуге болады. Сол меженің кейбір жерінде қоңыраушөптер жайылып, қалың өскен кең алқап көгеріп көрінеді.


Менің ойыммен көз алдыма елестеткен нәрсенің бәрі — нағыз ормандар есігінің алды ғана. Оларға, сол ормандарға орасан зор, саялы шіркеуге кіргендей болып енесің. Әуелі тар орман жолымен, жасыл кілем тәрізді шалау басқан қара суды жанап өтуің керек. Егер қара су қасында сол аялдасаң, онда бір бәсең шылпылдаған дыбысты есітуге болады — бұл су түбіндегі шөптерде жайылып жүрген мөңке балықтар.


Сосын жасыл барқыт тәрізді мүк өскен қайың орманының кішкене ғана алаңы басталады. Ол арадан былтыр күзде түскен жапырақтар иісі ұдайы шығып жатады.


(Мен осының бәрі туралы жүк машинасының шанағында жатып ойлаймын. Түннің бір уағы. Раздельная станциясы жағынан жарылыс дүмпілдейді — о маңайды бомбылап жатыр. Жарылыстар үні басылған кезде — шекшектердің имене шырылдағаны естіледі — олар жарылыстан қорыққаннан баяу ғана шырылдайды. Әуеден жарқырауық снарядтай болып, көгілдір жұлдыз ағып құлады. Мен оның жолын еркімнен тыс бақылап, ол қашан жарылатынын тыңдап отырғанымды байқадым. Бірақ жұлдыз жарылмады, жерге жете бере сөніп қалды. Осы арадан баяғы таныс оқшау қайың тоғайы мен қабырғалы қара орман алыс-ау, шіркін! Дәп қазір о жақта да түн ғой, бірақ жым-жырт, жұлдыздар шоғыры астыңда нұрланып, бензиннің ысты және оқ дәрінің газымен — бәлкім, мұны "жарылыс" газдарымен деу керек шығар — емес, орман көлдерінің тұнық та тұңғиық сулары мен арша қылқандарының иісі аңқып тұрған шығар-ау).


Қайың тоғайынан әрі өтісімен, жол құмды жарлауыт дөңеске қарай көтеріледі. Сызды көлтабан артта қалады, бірақ жел анда-санда осынау құрғақ та ыстық орман ішіне со көлтабанның иод иісті ауасын жеткізіп тұрады.


Дөң үстіне шыққасын екінші рет демаламын. Мен ыстық қылқандар үстіне отырамын. Бұл арада денең тиген жердің бәрі құрғақ та жылы; қарағайдың қабығының құрап қалған қуыс бүршігі, балғын қарағай қабығының сары, мөлдір және пергамент секілді шыңылтыр шелдері, өзегіне дейін жылыған түбірлер, әрбір бұтақтары да бүдірлі, хош иісті. Тіпті қойбүлдіргеннің жапырақтарына дейін жып-жылы.


Кәрі түбірді қолыңмен сындырып алып, оның шіріген ыстық ұлпасын алақаныңа салып көруге де болады.


Аптап, маужыраған тыныштық. Толысып піскен сары жаздың жаймашуақ күні.


Қызыл қанат шекшектер түбірлер үстінде ұйықтап жатыр. Қатты да ақшыл көк қауашақты гүлдер сабағын өз салмағымен иіп, жерге дейін жеткізіпті.


Мен өзім жасаған картаға қарасам — Қара көлге дейін енді сегіз шақырым қалыпты. Осы картаға қажетті белгілер қойылған — жол шетіндегі қураған қарағай, меже діңгегі, бересклет тоғайы, құмырсқа ұясы, ұдайы ботагөз өсетін сазтабан, одан кейін қабығына "о" әрпі ойылған — озеро (көл) қарағай бар. Осы қарағайдан тура орманға қарай бұрылып, 1932 жылы ағаштарға жасалған кертік таңбаларына қарап, жүре беру керек. Олар жыл сайын шайыр басып өше береді. Сондықтан да оларды жаңартып отырған жөн.


Сол кертікті тапқаннан кейін, міндетті түрде тоқтап, оған қатып қалған шайырды қолыңмен сипайсың. Ал кейде семіп қалған смоланы сындырып алып, оның ойық орнына қарайсың. Оған күннің сарғыш сәулесінің от сияқты жылтырап түскенін байқайсың.


Көлге жақындағанда ну орман арасынан, қалың қандағаштар өскен терең ойпаттар басталады, оның түбіне түсем деп ойламай-ақ қой — тырналып қаласың. Тегі бұлар бұрынғы шағын көлдер болуға тиіс.


Бұдан кейін құп-құрғақ қаракөк жемісті арша тоғайы арасымен тағы да жоғары өрлейсің. Ақырында ең соңғы белгі — қарағай бұтағына ілулі қаңсыған ескі шәркейлер. Одан әрі қарай шөп басқан тоқымдай алаң арқылы жүріп, тік жарлы сайға кез боласың.


Орман осымен бітеді. Төменнен құрғақ сазтабан — ұсақ тоғайлы: шоқ-шоқ қайың, көктеректер мен аршалар өскен, мүк басқан алаңдар көрінеді.


Осы арада соңғы рет тынығасың. Күн түстен ауып кеткелі қашан. Ол көрінбейтін аралар ұясы тәрізденіп, ызыңдап-ызылдап тұр. Ұсақ орман арқылы әрбір әлсіз, болмашы жел лебі тәрізденіп, тербеліп аңызақ жетеді.


Алдыңғы жақта, осы арадан екі шақырымдай жерде, мүкті алаңдар арасында Қаракөл — қара сулар мен тарбақ ағаштардың, орасан үлкен сары тұңғиық гүлдер мемлекеті жасырынып жатыр.


Мүк басқан алаңдармен абайлап жүру керек: мүкті саздақ тереңінде бір кезде сынып, уақыт сояудай етіп өткірлеген қайыңдардың діңдері — қазықтар тұрады. Байқамасаң — соларға аяғыңды қатты жаралап алуың қиын емес.


Ұсақ орман арасы қапырық шірік иісі мүңкиді, аяғыңның астынан шым тезектің қара суы сылпылдап жатады. Кісінің әр қадамынан ағаштар теңселіп, дірілдеп кетеді. Бұл арада аяғыңның астыңда не жатқанын ойламай жүре беруің керек, қалыңдығы бір метрлік шымтезек пен қарашірік қатпары астыңда терең су — жерастының кәлі бар. Жұрттың айтуынша, онда көмірдей қап-қара, балшықтың шортандары тіршілік ететін көрінеді.


Көлдің жағасы мүкті алаңдардан сәл де болса биіктеу — бірақ соның өзінде бір орында көп тұруға болмайды — ізің міндетті түрде суға толып кетеді.


Көлге бәрінен де қызыл іңірден кейінірек шыққан дұрысырақ дейді, бұл кезде жан-жақтың бәрі — судың күңгірт жылтырағаны, жарығы өшіп бара жатқан аспанның әлсіз сәулесі, ағаштардың ұшар бастарының мүлгуі — осының бәрі әлденеден сақтанған тыныштықпен ұласып, соның өзі туғызған құбылыстай болып сезіледі.


Лаулай жанған от басында отынның бытырлай жанғанын тыңдай отырып, өмір дегенің, егер одан үрікпей, ақ ниетпен қарсы алсаң, таңғажайып жақсы нәрсе ғой деп ойлағанға ештеңе де жетпейді...


Сөйтіп мен орман аралаған, сосын Нева жағалауында жүрген кезім мен Псковтың зығыр өскен көк төбелері жөніндегі естеліктерімді біраз кезіп кетсем керек.


Мен осынау жерлерді біржолата жоғалтып алғандай, оларды енді қайтып көрмейтіндей болып, ойланғаным сонша, жүрегім сыздап ауыра бастады.


Менің ой-санамда олардың мейлінше әсем болып көрінгені со бір сезімнің әсерінен болғаны анық еді.


Мен өзімнен, соларды бұрын неге байқамағанмын, деп сұрадым да заматыңда, әрине, мен бұлардың бәрін көрдім де сездім, бірақ осылай айырылысқанда ғана туған табиғатыңның суреттері ішкі көңіл көзіме, жан-жүректі елжіретер сұлулығымен елестеген ғой деп ойладым. Әсілінде, музыканың жалпы сарынына болмашы, әлсіз дыбыстың өзі қалай үндесіп енсе, табиғат қойнына да тап солай кіру керек шығар.


Біздің жанымыздың жай-күйі, сүйетініміз, қуаныш пен қайғымыз, табиғатпен толық сәйкес келіп жатса, таң самалын ғашығымыздың нұрды жанарынан, орманның бір сарынды шуылын өткен өміріміз жөніндегі ой-толғанысымыздан бөле-жара қарамайтын деңгейге жеткен күнде ғана, сөйтіп табиғатты сезіп-түйсінуімізге өзіміздің адамгершілік қасиетімізді дарытып, сіңіре білген күнде ғана, табиғат бізге бүкіл күш-қуатымен әсер ете алады.


Пейзаж — прозаның салдауыры не оның әшекейі емес. Егер сіз жауынға малынған қалың жапыраққа бет-жүзіңізді басатын болсаңыз, онда сіз оның жанға жайлы салқындығын, хош иісін, дем-тынысын сезіп-түйсінесіз, ендеше табиғатқа да тап солай, суға сүңгігендей еніп кету керек.


Қысқасы — табиғатты сүю керек, сонда күллі сүйіспеншілік сияқты, өзін бар күшімен айқын көрсету үшін, бұл да өзінің сара жолын табады.


Аударған Әбілміжін Жұмабаев





Пікір жазу