22.07.2021
  254


Автор: Константин Паустовский

Жаңбырлы таң

Наволоките кеме түнде келді. Майор Кузьмин жай басып палубаға шықты. Жаңбыр сіркіреп тұр. Айлақ құлазып қалған, тек жалғыз шам ғана сығыраяды.


"Қаласы қайда бұның? — деп ойлады Кузьмин. — Төңірек тас қараңғы, сылпылдаған жаңбыр — не боп жатқанын шайтан білсін!"


Өзеннен суық жел азынап тұр, тұла бойы тоңазып, тітіркеп кеткен соң, шинелінің ілгегін салды.


Кузьмин капитанның көмекшісін тауып алып, кеме Наволокиде ұзақ тұра ма деп сұрады.


— Үш сағаттай тұрар, — деп жауап қатты көмекші. — Жүкті тиеп болуына байланысты. Оның қажеті қанша? Сіз әлі жүре бермейсіз бе?


— Бір аманат хатты апарып берсем деп ем. Госпитальда бірге жатқан көршімнен. Әйеліне. Ол осында. Наволокиде тұратын көрінеді.


— Иә, қиын-ақ! — деді көмекші күрсініп. — Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Гудокқа құлағыңызды сала жүріңіз, әйтпесе, қалып қоясыз.


Кузьмин айлаққа түсіп, тайғақ басқышпен өзеннің жарлауыт жағасына көтерілді. Төңіректегі бұта арасынан тысырлап жауған жаңбыр үні естіліп тұр. Қараңғыға көзін үйрету үшін, Кузьмин біраз тұрды, сосын барып мүлгіп тұрған мәстекті, жеңіл продетканы көрді. Арба шатыры көтерулі. Оның астынан біреудің қорылы естіледі.


— Әй, тамыр, дүниенің бәрінен құр қалдың ғой! — деді Кузьмин дауыстап.


Көшір жай қозғалып, күймеден шықты, сіңбіріп, мұрнын шекпенінің етегімен сүртті, сосын барып:


— Жүреміз бе? — деп сұрады.


— Жүрелік, — деді Кузьмин оны қостап.


Кузьмин баратын көшесінің атын айтты.


— Алыс, — деді көшір абыржып. — Сонау тау басында. Ширектің пұлынан кемге келіспеймін.


Ол делбесін қозғап, таңдайын қақты. Пролетка орнынан самарқау жылжыды.


— Сен немене, Наволокидегі жалғыз көшірмісің? — деп сұрады Кузьмин.


— Біз, осында кәудіреп жүрген екі шалмыз. Қалғаны майданда. Өзіңіз кімге келе жатырсыз?


— Башиловаға.


— Оны білем ғой, — көшір жалт қарады. — Ольга Андреевнаға, дәрігер Андрей Петровичтің қызына келе жатырсыз ба? Мәскеуден өткен қыста келген, әкесінің үйінде тұрып жатыр. Андрей Петровичтің қайтыс болғанына, міне, екі жыл, ал оның үйі...


Пролетқа қираң етіп, шұқанаққа түсіп, шиқылдап қайта шықты.


— Сен жолға қара, — деді Кузьмин. — Жан-жағыңа жалтақтай берме.


— Жол шынында да... — деді күбірлеп көшір. — Бұл жолмен күндіз жүруге қорқасың, әрине. Ал, түнде бәрібір. Қараңғыда ой-қырың көрінбейді.


Көшір үнсіз қалды. Кузьмин шылым шегіп, пролеткаға шалқайып жатты. Көтерілген шатырды тырсылдатып, жаңбыр шертіп келеді. Алыста иттер үреді. Аскөктің, дымқыл шетендердің, өзеннің сыз иісі шығады. "Сағат, дәуде болса, бір болып қалған шығар" деп ойлады Кузьмин. Со замат әлдеқайдағы шіркеуден жарық қоңырау бір рет қаңғыр етті.


"Демалысымды осында қалып өткізсем, — деп ойлады Кузьмин. — Мына ауасының өзінен не пәленің бәрі, жарақаттан соңғы ауру-сырқаудың бәрі сап болар еді. Терезесі бауға қараған үйден бір бөлме жалдасам. Осындай түнде терезені шалқайта ашып тастап, жылы төсекте, көрпеге оранып алып, жаңбырдың түйе жапыраққа тырс-тырс жауып жатқанын тыңдасаң".


— Сіз оның күйеуімісіз? — деп сұрады көшір.


Кузьмин жауап қатпады. Әскери адам, шамасы, айтқанымды естімей қалды білем деп ойлады көшір, бірақ, сауалын қайта қоюға жүрегі дауаламады. "Күйеуі болмағанда кім дейсің, — деп ойлады көшір. — Ал, жұрт оны күйеуінен соғысқа дейін айырылысып кетіпті деп соғып жүр, жалған сөз болды ғой, тегі!


— О, сайтан! — кешір ызаланып, арық мәстегін делбемен тартып жіберді. — Қамыр илегендей сылпылдауын мұның!


"Кеменің кешігіп түнде келуінің өзі оғаш болды, — деп ойлады Кузьмин. Палатада бірге жатқан көршісі Башилов, Кузьминнің Наволоки арқылы жүретінін білгенде, әйеліне хатты қолма-қол табыс ет деген несі екен? Енді жеті түнде жұртты оятуы керек, не деп ойлайтынын бір құдайдың өзі білсін!"


Башилов ұзын бойлы мысқылшыл офицер еді. Ол реті келгенде көп сөйлеуді ұнататын. Бір нәрсені тауып айтарда өзінен-өзі шиқылдап, ұзақ күлетін. Әскерге шақырылғанға дейін, Башилов кино-режиссердің көмекшісі болып істеген. Күнде кешқұрым палатадағы көршілеріне фильмдер жайлы әңгіме шертеді. Жаралы жауынгерлер Башиловтың әңгімесіне құмар, қашан айтқанша асық болып, оның зейінділігіне қайран қалысады. Әр алуан адамдарға, оқиғалар мен кітаптарға баға беруге келгенде Башилов қытымыр да қатал, бір айтқанынан қайтпайтын қалша еді және біреуді әжуалауға келгенде шалдырмайтын алаяқ. Көбіне ол жұртты ым-жыммен, әзіл қашыра отырып әжуалайтын да, анау оны қапелімде аңғармай да қалатын, тек арада бірер сағат өткесін барып, Башиловтың өзін мазақ қылғанын сезетін, оның жанына тиетін ащы бір жауап іздейтін. Бірақ уақыты өткесін одан не пайда, іштен тынып қала беретін.


Кузьмин жүрместен бір күн бұрын, Башилов оған әйеліне арнап хат берді, Кузьмин тұңғыш рет оның абыржып тұрғанын байқады. Сол күні түнде ол Башиловтың төсегінде дөңбекшіп, аһлап-уһлеп жатқанын есітті. "Бәлкім, ол онша қатыгез де емес шығар, — деп ойлады Кузьмин. — Әне, байғұс, жылап жатқан сияқты. Онда әйелін жақсы көргені. Жақсы көргенде де айрықша жақсы көреді екен".


Ертеңіне ұзақты күн Башилов Кузьминнің қасынан айналшықтап шықпай қойды, оған жапақтап қарай берді, өзінің флягін ұсынды, ал дәл жүрер шақта екеуі отырып, Башиловтың сары майдай сақтап жүрген бір шыны шарабын ішті.


— Сіздің маған жаутаңдап қарай беретініңіз қалай? — деп сұрады Кузьмин.


— Сіз бір жақсы адамсыз, — деді Башилов. — Сіз суретші болуға лайық жансыз, қымбатты майор.


— Мен топографпын, — деп жауап қатты Кузьмин, — ал топографтар да, түптеп келгенде, суретші ғой.


— Неге?


— Диуаналар ғой, — деді Кузьмин екі ұшты ғып.


Қаңғыбастар, ақындар, қуылғандар, боламын деп туғандар, болмағанмен... деді Башилов мысқылдай тақпақтап.


— Бұл кімнің өлеңі?


— Волошиннің. Бірақ гәп онда емес. Мен сіздің күйіңізге қызығам да, қызғанам да, жаутаңдап қарай беретінім де содан.


— Нені қызғанасыз.


Башилов стақанды айналдырып көрді де, орындықтың арқалығына шалқая түсіп, мырс етті. Олар госпиталь дәлізінің алыс түкпірінде, шағын тоқыма үстелдің басында отырған. Далада жел азынап, жас шыбықтарды майыстырып, ағаштарды шулатып, шаң-тозаңды суырып тұрған. Өзеннің ар жағынан қалаға қарай жауын бұлты қаптап келеді.


— Нені қызғанасыз дейсіз бе? — Башилов сауалды қайталап, өзінің қып-қызыл қолын көститіп, Кузьмин қолының үстіне арта салды. — Бәрін де қызғанам. Тіпті сіздің қолыңызды да қызғанам.


— Түсінсем бұйырмасын, — деді Кузьмин қолын абайлап босатып алып. Башиловтың суық қолын ұнатпады. Бірақ мұнысын Башилов сезіп қалмасын деп, шыныны алып, шарап құя бастады.


— Түсінбесең, түсінбей-ақ қой! — деді Башилов ренішпен. Ол біраз үнсіз отырғасын төмен қарап тіл қатты: — Шіркін, сіздің орныңызда мен болсам! Қойшы, осының бәрі бос сөз! Екі күннен кейін сіз Наволокиде боласыз. Ольга Андреевнаны көресіз. Ол сіздің қолыңызды қысады. Мен соны қызғанып отырғам жоқ па! Енді түсіндіңіз бе?


— Қой, о не дегеніңіз! — деді Кузьмин сасып қалып. — Әйеліңізді көресіз әлі!


— Ол маған әйел ғана емес! — деді Башилов қатуланып. — "Зайыбыңыз" деп айтпағаныңыз қандай жақсы болды.


— Кешіріңіз, — деді Кузьмин бәсең.


— Ол маған әйел ғана емес! — деді Башилов тағы да қатуланып. — Барым да, нарым да, тынысым да, тірлігім де сол! Жарайды, жетер осы да!


Ол ұшып тұрып, Кузьминге қолын ұсынды:


— Қош болыңыз. Маған ренжімей-ақ қойыңыз. Ел қатарлы адаммын, ала-бөтен ештеңем жоқ.


Пролетка бөгет үстіне шықты. Қараңғылық қоюлана түсті. Кәрі талдар арасында жаңбыр сібірлеп, жапырақтардан тырс-тырс тамшылап тұр. Ат тұяғы дүңкілдеп, көпір тақтайына тиді.


"Қанша айтқанмен, алыс екен!" — деп ойлады Кузьмин, сосын көшірге тіл қатты.


— Сен мені үйдің алдында тоса тұр. Айлаққа қайта апарып тастарсың...


— Мұның жөн екен, — көшір бірден келісе кетті, бірақ ішінен: "Жоқ, күйеуі болмады. Күйеуі болса, бірер күнге кідірер еді ғой. Шамасы, бөгде біреу болды" деп ойлады.


Кедір-бұдыр тас көше басталды. Арба секектеп, темір тепкішектер зырылдай жөнелді. Көшір арбаны жол шетіне бұрды. Доңғалақ ылғал құм үстімен найқалып келеді. Кузьмин ойға шомды.


Әне, Башиловтың бұған сұқтанған түрі анау. Әрине, ол сұқтанған жоқ. Башилов тек аузына келген бір сөзді жаңылыс айта салды. Госпиталь терезесі алдында сөйлескеннен кейін, Кузьмин қайта Башиловтың жай-күйін біртүрлі қызғанышпен еске алғаны бар. "Тағы да жаңылыс кеттім бе? — деп ойлады Кузьмин. Ол ешкімді қызғанбайды. Тек өзін-өзі аяйды: міне, қырыққа келді, бірақ Башилов сияқты, біреуге ғашық болып көрген емес. Әманда соқа басы сопайып жүргені".


"Түн. Құлазыған бауларда тысырлап жаңбыр бүркіп тұр, жат қала, сонау шабындықтан тұман өріп келеді — өстіп өмірің де өте шығады", — деп ойлады Кузьмин.


Оның тағы да осында алғысы келді. Өзеннің арғы жағындағы шабындықтар, қара жолдар, паром үстіндегі шөп тиелген арбалар, есік алдынан-ақ алақандағыдай көрініп тұратын орыстың шағын қалаларын жанындай жақсы көреді. Осы бір сезім оның өзін де қайран қалдырады. Ол түстікте, теңізші отбасында өсті. Әр нәрсені зерттеп білмекке, география карталарына, кезбе тірлікке деген бір құштарлық оған әкесінен мирас болып қалды. Сол себепті де ол топограф болды. Дегенмен, бұл кәсібін кездейсоқ мамандығым деп есептейтін-дағы, егер басқа уақытта тусам ғой, атышулы аңшы немесе жана жерлер ашатын саяхатшы болар едім деп ойлайтын. Ол өзі жөнінде дәп осылай ойлауды ұнататын, бірақ мұнысы мүлде қате еді. Оның мінез-құлқында әлгідей адамдарға тән ештеңе болмайтын. Кузьмин ұялшақ, жұмсақ, ұяң мінезді кісі еді. Қырау шалған шашынан оның жас шамасы аңғарылғандай. Бірақ, осынау тапалдау келген қағылез офицерге қарап, ешкім де оны отыздың үстіндегі жігіт екен деп ойламас еді.


Пролетка, ақырында, тас қараңғы қалаға келіп кірді. Тек бір үйде ғана, шамасы, дәріхана болар, әйнек есікті үй ішінде көгілдір шам жанып тұр екен. Көше жоғары, ерге қарай өрмеледі. Көшір атқа жеңіл болсын деп арбадан түсті. Кузьмин де жерге түсті. Арбадан қалыңқырап қойған ол кенет өмірінің осы бір оқыс жайын есіне алды. "Мен қайдамын осы? — деп ойлады ол — Қайдағы бір Наволокиден, меңіреу түкпірден келіп бір-ақ шықтым, тағалы ат тұяғынан тас ұшқын атып жатыр. Осы маңда бейтаныс бір әйел бар. Жеті түнде оған аса маңызды, бәлкім, бір көңілсіз хатты тапсыруым керек. Ал, осыдан екі ай бұрын ғана майданда, Польшада, кең арналы тынық Висла жағасында жүріп едім. Жатқан бір ғажайып! Және дүние қандай жақсы десеңші!"


Дөң артта қалды. Көшір бүйірдегі бір көшеге бұрылды. Біртіндеп бұлт сөгіле берді, қап-қара тұңғиық аспанда о жер бұ жерден дірілдеп, жұлдыз жана бастады. Олар шалшық судан жалт етіп бір көрініп, бір сөніп жатыр.Пролетка мезонинді үй алдына келіп тоқтады.


— Келдік! — деді көшір. — Қоңырау қақпаның оң жағында.


Кузьмин қоңыраудың ағаш сабын тауып алып тартып қалып еді, ешбір дауыс шықпады — тек басқан сым ғана саңғыр ете түсті.


— Қаттырақ тартыңыз! — деді көшір.


Кузьмин қоңырау сабын тағы тартты. Үй түкпірінен қоңырау сылдырады. Бірақ үй бұрынғыша тым-тырыс, шамасы, ешкім оянбаса керек.


— Еһ-һе-һе! — Көшір қатты есінеді. — Жаңбырлы түнде кісіні ұйқы басады.


Кузьмин аз аялдап, қоңырау бауын қаттырақ тартты. Ағаш дәлізден әлдекімнің тықыры естілді. Біреу есік алдына келіп, демін ішіне тартып, аз-кем тыңдап тұрды да:


— Кімсіңдер, түге? Не керек өздеріңе? — деп сұрады жақтырмаған дауыспен.


Кузьмин жауап қатып үлгіргенше, көшір оның алдын орап кетті:


— Аш есікті, Марфа, — деді ол,  — Ольга Андреевнаға бір кісі келді. Майданнан.


— Майданнан келген кім еді? — деді қақпа сыртынан әлгі дөкір дауыс. — Біз ешкімді күтпеп едік.


— Күтпесеңдер де, күтіп алар күн туғаны да!


Шынжырлы есік жайымен ашылды. Кузьмин қараңғы есікке қарап, аты-жөнін, келген шаруасын айтты.


— Әкем-ау! — деді әйел шошыған дауыспен есіктің ар жағынан. — Сонша әуре-сарсаңға түсіп! Қазір ашайын, Ольга Андреевна ұйықтап жатыр. Кәне, кіріңіз, мен оны оята қояйын.


Есік ашылды да, Кузьмин қараңғы дәлізге кірді.


— Байқаңыз, алдыңызда басқыш бар, — деді әйел сақтандырып, әлгідей емес, үні мейірімді.


— Жеті қараңғы түнде, осындай лайсаңда келгеніңізді айтам-ау. Тұра тұрыңыз, бір жеріңізді соғып алмаңыз. Қазір шам жағайын, түнде бізде жарық бермейді.


Әйел кетіп қалды да, Кузьмин дәлізде қала берді. Ішкі бөлмеден шаң иісі мен басқа да бір ұнамды иіс келеді. Дәлізге бір мысық шығып, Кузьминнің аяғына сүйкенді де, бырылдаған күйі соңымнан ер дегендей ішкі бөлмеге қайта кіріп кетті.


Жартылай ашық тұрған есік саңылауынан күңгірт жарық түсіп тұр.


— Кіріңіз, — деді әйел.


Кузьмин ішке кірді. Әйел оған иіліп тәжім етті. Бұл күрең жүзді, сырықтай кемпір екен. Кузьмин жұртты мазаламайын дегендей, шинелі мен фуражкасын абайлап шешіп, есік алдындағы ілгішке ілді.


— Сіз қысылмай-ақ қойыңыз, бәрібір Ольга Андреевнаны оятамыз ғой, — деді кемпір жымиып.


— Айлақтан шыққан гудок даусы естіле ме бұ жерден? — деп сұрады Кузьмин бәсең дауыспен.


— Естіледі, әкем! Естілгенде қандай. Кемеден түсе салып, қайыра кемеге отырмақсыз ба? Мына жерге, диванға отырыңыз.


Кемпір шығып кетті. Кузьмин ағаш арқалықты диванға отырды, біраз кібіжіктеп барып, шылымын алды да, құшырлана тартты. Әлденеден тағат таппай, толқып отыр, осы беймәлім жан толқынысын жаратпайды. Жеті түнде бейтаныс үйге, құпия қалтарысы, сыр-жыры көп жат жандар өміріне тап болғанда туатын бір сезім оны баурап алған. Үстел үстінде, алпыс бесінші беті ме, әйтеуір, бір беті ашылып, ұмыт қалған кітап сияқты, бұл үйдің өмірі де. Кітаптың ашулы бетіне үңіле қарайсың, қарайсың да: мұнда не жазылды екен, не бар екен, деп ойлайсың.


Үстел үстінде, шынымен-ақ, ашулы кітап жатыр екен. Кузьмин орнынан тұрып, кітапқа еңкейе түсіп, есік сыртыңда асыға сыбырласқан үнге, көйлек сусылына құлағын түре тұрып, баяғыда ұмыт болған сөздерді ішінен оқи бастады.


Болғаны жолың, жас қыран,


Ғайыптан қылса тағдыр кез, —


Көгілдір шәлі астынан


Жарқ ете қалса жәудір көз...


Кузьмин басын көтеріп, үй ішіне көз жүгіртті. Аласа ғана жылы бөлме оның осы қалашықта қалсам ба екен деген тілегін тағы да алдына көлденең тарта берді.


Ac үстелінің дәл үстінен ақшыл абажурлы шамы төніп тұратын, науқас қыз төсегінің қасында жатқан итті бейнелейтін суреттің жоғарғы жағына бұғы мүйізі ілінген осындай бөлмелердің жанға жайлы айрықша бір қасиеті болады. Мұндай бөлмелерге жымиып күдесің де қоясың, мұнда бәрі де ескі үлгімен жасалған, баяғыда ұмыт болған бағы заман жиһаздары.


Үйдегі заттың бәрі, тіпті қызғылт бақа шанақтан жасалған күл-салғыштың өзі әбден қалыптасқан тұрақты ұзақ тірліктен хабар бергендей. Сол сәтте Кузьмин осында қалсам қандай жақсы болар еді деп ойлады, сөйтіп, көне үйдің адамдарына ұқсап, аспай-саспай, жұмысы мен тынысын, қыс пен көктемді, жауынды күндер мен ашық күндерді алма-кезек ұзатып, тұра бергісі келді.


Бірақ ескі бұйымдар арасында бөтен заттар да бар еді. Үстел үстінде — танадақ, балшөп, шетен сияқты дала гүлінің буаты тұр. Гүл шоғын әлгіде ғана теріп әкеп қойған сияқты. Дастархан үстінде қайшымен қырқылған гүл сабақтары жатыр.


Сол жерде ашулы Блок кітабы — "Алыс жол ауыр көрінбес". Рояль үстінде көк барқытпен тысталған сурет альбомына әйелдің кішкентай ғана қара қалпағы қойылған. Көне заманның қалпағы емес, жаңа заманның-ақ қалпағы. Білезік баулы оймақтай кішкене сағатты үстел үстіне тастай салыпты. Сағат дыбысы естілмейді, бірақ ол бір жарымды көрсетіп тұр. Әсіресе, осындай жеті түнде әзер-әзер сезілетін әтірдің әлсіз иісі шығады.Терезенің бір қанаты ашық тұр. Сыртта, гүл өскен гүлзардың ар жағында, терезеден түскен көмескі сәуледен жауынға малынған сирень бұтасы жылтырап көрінеді. Қараңғыда жаңбыр тысырлайды. Қаңылтыр кернейден жаңбыр жиі тамшылап тұр.


Кузьмин тырсылдаған тамшы үніне құлақ түреді. Өмірінің әрбір сәті осылай өтеді де кетеді. Қайтып келмейді, — ежелден-ақ адам атаулының жанын жегідей жеп, маза бермеген осы бір тынымсыз ой, тап қазір, жеті түнде, енді біраздан кейін кетіп, өмірінде қайта оралып соқпайтын осынау бейтаныс үйде, оның кеудесіне сұп-суық болып ене береді.


"Кәрілік деген осы ма әлде?" — деп ойлады Кузьмин, сосын артына бұрылып қарады.


Бөлме есігінің алдында қара көйлекті келіншек тұр екен. Шамасы, асықса керек, дұрыстап таранбапты да. Бір бұрымы иығына құлап, төмен жылжып еді, әйел Кузьминнен көзін алмай, имене күліп тұрып, оны көтеріп, желкесіне түйілген шашына қосып түйреп тастады. Кузьмин иіліп сәлем берді.


— Рақым етіңіз, — деді әйел Кузьминге қолын ұсынып. — Сізді көп күттірдім білем.


— Ольга Андреевна Башилова сіз боларсыз?


— Иә.


Кузьмин әйелден көзін алмады. Ол әйелдің жастығына, сәл мұнар ойнап тұрған тұп-тұнық шұғылалы көзіне қайран қалды.


Кузьмин беймезгіл мазалағанына кешірім сұрап, кителінің жан қалтасынан Башиловтың хатын алып, әйелге берді. Келіншек хатты алып, алғыс айтты да, оны оқымастан, рояльдің үстіне тастай салды.


— Япырау, біз неге тұрмыз осы! Отырыңыз! Мында, үстелге жақын отырыңыз. Осы ара жарығырақ, — деді әйел


Кузьмин үстел қасына отырып, темекі тартуға рұқсат сұрады.


— Тартыңыз, әрине, — деді әйел — Мен де тартайын.


Кузьмин оған папирос ұсынып, шырпы жарығы оның бетіне түсіп еді, осы бір ақ маңдайлы әйелдің ойлы жүзі Кузьминге таныс сияқты болып көрінді.


Ольга Андреевна Кузьминнің қарсы алдына келіп отырды. Кузьмин әйел жай-жапсарды сұрайды ғой деп ойлап еді, бірақ үн қатпай, терезеден жаңбыр себелеп тұрған далаға қарап отыра берді.


— Марфуша, — деді Ольга Андреевна есік жаққа бұрылып, — самауыр қоя салшы, алтыным.


— Жоқ, қойыңыз! — деді Кузьмин үркіп. — Асығыспын. Далада көшір күтіп отыр. Мен сізге хатты қолма-қол тапсырып, күйеуіңіз жайлы...бірер сөз айтуым ғана керек еді.


— Айтып қайтесіз! — деп жауап қатты Ольга Андреевна, гүл шоқтан бір тал түймедақ гүлін алып, оның күлтелерін пытырлатып жұла бастады. — Тірі көрінеді — аман болсын, әйтеуір.


Кузьмин үнсіз отыр.


— Асықпаңыз, отырыңыз, — деді Ольга Андреевна тап бір үйреншікті ескі досымен сөйлескендей. — Гудок даусын есітеміз, әрине, таң атпай кеме жүрмейді.


— Неліктен?


— Әкем-ау, біздің Наволокиден төменірек өзенде бір сарқырама қайраң бар, — деді көрші бөлмеден Марфа. — О жермен түнде жүру қауіпті. Сол себепті де капитандар жарық түскенше аялдап қалады.


— Ол рас, — деді Ольга Андреевна кемпірді қостап. — Айлақ осы жерден небәрі жарты-ақ сағаттық жол Егер қала бауымен төтелеп жүрсе. Сізді өзім шығарып саламын. Ал, сіз көшірге рұқсат беріңіз. Сізді мұнда жеткізіп салған кім еді? Василий ме?


— О жағын білмедім, — деді Кузьмин жымия.


— Ол кісіні әкелген Тимофей, — деді есік сыртынан Марфа. Оның самауыр кернейін салдыратып жатқаны естіліп тұр. — Тым болмаса, шай ішіп кетіңіз. Әйтпесе, жауыннан шығып, жауынға ұрынғанның несі жақсы.


Кузьмин мұны мақұл көріп, қақпа алдына шықты да, көшір ақысын төледі. Көшір көпке дейін кетпей, атының алды-артына шығып, қайыс-әбзелін жөндеп жатты.


Кузьмин қайтып келгенде, үстел үсті толып қалған екен. Алтынмен жиектелген көне көгілдір кәрлен кеселер, сүт құйылған құмыра, бал, аз толма шарабы бар шыны қойылыпты. Марфа самауырды әкелді.


Ольга Андреевна дастарқанның жүдеулеу болғанына кешірім етінді, әзірше Наволокиде, қалалық кітапханада істеп жатқанын, қайтадан Мәскеуге баруға әзірленіп жүргенін айтты. Кузьмин, келіншек Башилов жөнінен әйтеуір бірдеңе сұрайтын шығар деп, қанша үміттенсе де, ол ештеңе сұрамады. Кузьмин енді қысылайын деді. Госпитальда жүргенде-ақ Башиловтың әйелімен алауыз екенін аңғарған. Бірақ, әлгінде ғана келіншек хатты оқымай, рояль үстіне тастай салғанынан, бұған кәміл көзі жетті, сол себепті де Башиловтың аманатын орындамағандай, оған кінәлі кісі тек өзі ғана болып көрінді. "Ол хатты кейінірек оқитын шығар" деп ойлады Кузьмин. Бір ғажабы — Башилов соншама үміт артқан, осы бір жұпыны үйге түнделетіп әкелген хаты мұнда ешкімге қажет болмай қалыпты. Шынтуайттап келгенде, Кузьминнің Башиловке себі тимеді, қайта өзі бір ыңғайсыз іске келіп килікті. Ольга Андреевна соны сезген кісідей, баяу ғана тіл қатты:


— Сіз ренжімеңіз. Пошта бар, телеграф бар, оның сізді әуре қылғанына түсінбей-ақ қойдым.


— Қайдағы әуре! — деді Кузьмин жедел, сосын аз-кем аялдап барып: — Қайта, осының өзі жақсы, — деді.


— Мұның несі жақсы?


Кузьмин қызарып кетті.


— Несі жақсы мұның? — Ольга Андреевна сауалын қаттырақ қайталап, Кузьминге көз тастады. Оның не ойлап отырғанын білгісі келгендей, келіншек жігіттен жауап күткен күйі ұмсына түсіп қадала қарап қапты. Бірақ Кузьмин үндеген жоқ.


— Сонда да айтыңызшы, мұның несі жақсы? — деп сұрады тағы да әйел.


— Сізге қалай айтсам екен, — деді Кузьмин толғанып. — Оның өзі бір әңгіме. Тіршілікте ынтызар болған нәрсе кісіге өте сирек кездеседі. Басқаны қайдам, мен өз басымнан кешкен жайттарға қарап айтам. Жақсы дүниенің бәрі жанай өтіп жатады сені. Ұқтыңыз ба?


— Әлі ұға қойған жоқпын, — деді Ольга Андреевна қабағын түйіп.


— Мұны сізге қалай түсіндірсем екен, — деді Кузьмин ойланып.


— Бәлкім, сіздің де басыңыздан өткен шығар. Вагон терезесінен кейде сіз қайың орман арасынан бір алақандай алаңды көзіңіз шалып қалады, әйтпесе, күнге шағылысқан ақ мизамды көріп қаласыз, сол сәтте сіз зулаған пойыздан қарғып түсіп, сол алаңқайда қалып қойғыңыз келеді. Бірақ пойыз зымырап өте шығады. Сіз терезеден сұғынып арт жаққа, со бір орман-тоғайлар, көкорай шалғындар, жылқылар, ауыл арасындағы жолдар жарыса түсіп, зулап қалып жатқан жаққа қарайсыз, сонда гуілдеген бір әуез естисіз. Гуілдеп жатқан не екенін білмейсіз. Бірақ, бәлкім, ол орман ба, ауа ма? Әлде телеграф сымдары ма? Әлде, зулаған пойыздан гуілдеген рельстер шығар, кім білсін? Қас қаққанша жалт етіп өте шығады, ал сен оны өмір бойы жадыңда сақтайсың.


Кузьмин үндемей қалды. Ольга Андреевна оған шарап құюлы стаканды жақындатып қойды.


— Мен өмірден, — деді Кузьмин өзі жайлы сөз еткенде қызарып кететін әдетіне басып қызарып, — әрқашан да осы сияқты, оқыстан тап болатын қарапайым дүниені құмарта күтіп әдеттенген жанмын. Егер сондай жайға ұшыраса қалсам, төбем көкке тигендей қуанатынмын. Әрине, қуаныш баянды болмаса да, көңіл бір түлеп қалады.


— Ал, қазір де қуаныштысыз ба? — деп сұрады Ольга Андреевна.


— Иә!


Ольга Андреевна төмен қарады.


— Мен Висла жағасында жараланып, госпитальда жаттым. Жұрттың бәрі жапырласып хат алып жатады, мен ғана алмаймын. Хат жазатын да адамым жоқ болатын. Сарғайып ұзақ жатқанда, жұрттың бәрі сияқты, соғыстан кейінгі келешегімді ойлаймын. Кереметтей бір өзгеше келешек. Жазылғасын мені демалысқа жібермек болды. Барар қаланы да белгілеп берді.


— Қай қала? — деп сұрады Ольга Андреевна. Кузьмин қаланың атын айтты. Ольга Андреевна ештеңе деп жауап қатпады.


— Сосын кемеге отырдым, — Кузьмин әңгімесін сабақтай түсті.


— Жағалауда деревнялар, айлақтар қалып жатыр. Сосын Наволоки келді. Мен ұйықтап қалам ба деп қорықтым. Меңіреу түнде палубаға шығып, ойға шомдым: осынау күллі Ресейді қымтап тастаған тас қараңғыда, жаңбырлы аспан астыңда мың сан адамның қаннен-қаперсіз ұйықтап жатуының өзі бір ғажайып дүние ғой. Сосын күймеге отырып, осылай қарай беттедім, жолай келе жатып, кіммен жолығар екем деп ойлаумен болдым.


— Сіз сонда неге қуанып отырсыз? — деп сұрады Ольга Андреевна.


— Әншейін, жай... — деді Кузьмин қипалақтап. — Жалпы жақсы. Ол үндемей қалды.


— Мұныңыз не? Әңгіме айта отырыңыз!


— Не айтам? Онсыз да мылжыңдап, көп сөйлеп кеттім білем.


— Айта беріңіз, — деді Ольга Андреевна оның соңғы сөзін естімеген кісідей. — Ойыңызға не келсе, соны айтыңыз, — деді ол тағы да. — Бірақ осының өзі оқыстау бір жайт болып тұр-ау.


Ол орнынан тұрып, терезеге барды да, пердені ысырды. Жаңбыр әлі жауып тұр екен.


— Оқыстау деп нені айтасыз?


— Жауын да жауын! — деді Ольга Андреевна артына бұрылып қарап. — Осылай дидарласуымыз да, түнгі әңгімеміз де — осының бәрі оқыс емей немене?


Кузьмин ұялғанынан үн қатпады.


Терезе сыртыңдағы дымқыл түнектен, сонау төменнен, тау баурайынан кеме даусы шықты.


— Жарайды, — деді Ольга Андреевна біртүрлі бойы жеңілденіп қалғандай. Міне, гудок та болды!


Кузьмин орнынан тұрды. Бірақ Ольга Андреевна қозғалмады.


— Тұра тұрыңыз, — деді ол сыбырлап. — Кәне, жолға шығар алдында, ескі әдет бойынша, аз-кем отырайықшы.


Кузьмин қайта отырды. Ольга Андреевна да Кузьминнен сырттаңқырап, ойға шомып отыр. Әйелдің жұмыр иығына, желкесіне түйе салған қолаң шашына, аққу мойнына телміре қараған Кузьмин: егер дүниеде Башилов болмаса ғой, осы бір шағын қаладан еш жаққа кетпей, демалыс біткенше осында қалар едім, дәл қасымда, тап қазір мұңға шомған, аяулы бір жас ару тұрып жатыр, жүріп жатыр деп тебірене толқып, күн кешер едім-ау деп ойлады.


Ольга Андреевна орнынан тұрды. Аядай ғана сенекте Кузьмин оған плащын киюге жәрдемдесті. Әйел басына орамал тартты.


Олар сыртқа шығып, қараңғы көшемен үнсіз жүре берді.


— Ұзамай таң атады, — деді Ольга Андреевна.


Өзеннің ар жағында аспан құланиектеніп ағарып келеді. Ольга Андреевнаның тітіркене дір еткенін Кузьмин байқап қалды.


— Сіз тоңып қалдыңыз ба? — деді ол үрпиіп. — Бекер-ақ шықтыңыз. Жолды өзім-ақ табатын едім ғой.


— Жоқ, шыққаным бекер емес, — Ольга Андреевна жауапты келте қайырды.


Жаңбыр тыйылды, бірақ үй шатырларынан тамшы үзіліп, ағаш жаға-жолдарды шып-шып шертіп тұр.


Көшенің аяғында қала бауы басталды. Бау қақпасы ашық екен. Одан әрі созылып жатқан қалың ағашты серуен бағы құлазып қалыпты. Бау ішінен түнгі самал сыз бен дымқыл топырақ иісі келеді. Бір сәт мүлгіген бау ішін ұрыншақ жел кезіп өтіп еді, қас пен көздің арасында бір жойқын қара нөсер құйып-құйып, со замат тыйылып қалғандай-ақ, тоғай жамырап, шулап қоя берді.


Баудың шеті өзен үстіне төніп тұрған биік жарға келіп тірелді. Одан әрі — жаңбырлы таң алдындағы шексіз қиыр, төменде бакендердің көмескі оттары, селдір тұман, жаздың жйуынды күнінің көңіл жабықтырар көріксіз көріністері.


— Төменге қалай түсер екенбіз? — деп сұрады Кузьмин.


— Мұнда келіңіз!


Ольга Андреевна тар соқпақпен тұра жарлауыт жағаға қарай бұрылды да, қараңғы ылдиды қуалай құлаған ағаш баспалдаққа келді.


— Қолыңызды беріңіз! Мұның көп тепкіштері шірік, — деді Ольга Андреевна.


Кузьмин оған қолын ұсынды, сосын екеуі абайлап басып, жайымен түсе бастады. Тепкіштердің ара-арасына өскен шөп жаңбыр суына малынып тұр.


Олар басқыш бітер жерге келіп тоқтады. Енді айлақ та, кеменің қызыл оттары да көрінді. Кеме алқына тыныстап, ысқырып тұр. Сәлден соң осынау бейтаныс та болса, соншалық жылы ұшырап, көңіліме қозғау салған келіншекпен айырылысам-ау, оған лом деп тіл қата алмаймын-ау деп ойлағанда, Кузьминнің жүрегі сыздап сала берді. Тағдыр айдап кездескенде су-су биялай киген кішкентай әлуетті қолын ұсынып, киюы қашқан көне басқышпен абайлап төмен түсіргені үшін келіншекке алғыс та айта алмайды, жолай келе жатқанда жауынға малшынып, салбырап тұрған ағаш бұтақтары кездескен сайын, серігінің бетіне тиіп кетер деп, "еңкейіңіз" деп жайымен ғана ескертіп отырды-ау ол Ал, Кузьмин болса, оның айтқанын екі етпей еңкейе берді.


— Осы жерден қоштасайық. Бұдан әрі мен бармаймын, — деді Ольга Андреевна.


Кузьмин келіншекке көз салып еді, орамал астынан тұнық көз оған үрке қарап тұр екен. Япырым-ай, шынымен-ақ дүниенің бәрі тап қазір, осы сәтте, жалт етіп жоқ болып, өз өмірі мен мына әйел өмірінің сағына еске алар, қимас бір сәтіне айнала ма?


Ольга Андреевна Кузьминге қолын ұсынды. Кузьмин оның қолын сүйді, со замат сіркіреп жауған жаңбыр дыбысымен аралас бағана қараңғы бөлмеде тұңғыш рет шыққан әтірдің иісін сезді.


Ол басын көтерген кезде, Ольга Андреевна бірдеңе дегендей болды, бірақ келіншек жай сөйлегендіктен, Кузьмин оның не айтқанын естімеді. Әйел оған тек "бекер ғой" деген бір-ақ сөз айтқандай болды. Бәлкім, әйел бұдан басқа да бірдеңе айтқысы келді ме, кім білсін, бірақ сол сәтте бұлдыр таңда да, жауын-шашында да, тұманда да бір тыным көрмейтін езінің сандалбай өміріне наразы болған кеме ашулана ақырып жіберді.


Кузьмин артына қарамастан жүгірген күйі жағаға келді, сосын қара май мен кендір иісі аңқыған айлақты басып өтіп, кеме ішіне енді де, жалма-жан бос палубаның үстіне шықты. Доңғалағы баяу айналып, кеме орнынан қозғалды. Кузьмин кеме тұмсығына келіп, өзеннің жар қабағына, басқыш жаққа қарады — Ольга Андреевна әлі жаңағы жерде тұр екен. Алагеуімде оны көре қою да оңай емес еді. Кузьмин қолын бұлғап еді, бірақ Ольга Андреевна жауап қатпады.


Кеме құмдауыт жағаға толқын қуалап, бакендерді тербеп, теңселіп, ұзап бара жатты, ал, жиекті көмкерген балапан талдар кеме доңғалағының ырғағымен жамырай шулап қала берді.


1945 жыл





Пікір жазу