22.07.2021
  303


Автор: Константин Паустовский

Ақ сәуле

Суретші Петровты соғыстың екінші жылында Орта Азияның үлкен бір қаласында әскерге шақырды. Осы қалаға ол Мәскеуден көшірілген еді. Қаланың түскей бетінде тұнжырап Алатау жоталары тұрады. Ерте қыс кезі еді. Тау шыңдары қар жамылған. Кешке салым суық үйлер іші қараңғы да тыныш болады, — тек кейбір терезелерден білте шам оты дірілдеп көрінеді. Қалада жарықты тым ерте өшіріп тастайды.


Түнде сидиған жалаңаш теректер үстінен жарқырап ай көтеріледі, оның шақырайған жарығынан қала түнеріп, сұстанып сала береді.


Петров қала шетін қуалай ағатын тау өзенінің бойындағы кішкене тақтай үйде тұрады. Өзен шуылы ешқашанда өзгермейді. Түнемелікте қожайын роядінің артыңдағы еденге төселген жұқа төсекте жатып алып, Петров сол өзен шуылын тыңдайды. Су тастан-тасқа секіріп, бұрқырап жатады, ал үй сыртыңдағы көршінің түйесі күйіс қайырудан ұдайы бір жалықпайды.


Пойыз қаладан түнде жүріп кететін. Тірі жан жоқ құлазыған вокзал алдында мұз буған талдар суылдап тұрды. Көзге түрткісіз тас қараңғы Азия түні вагондардың ара-арасымен құрғақ қарды қуалап кетіп жатыр.


Петровты ешкім шығарып салмайды. Ол бұл арада дос-жарандарын да, есіне сақтап жүретін оқиғаларды да қалдыра алмайды, тек өзінше бір орында тұралап қалған өмірі жайлы сезім-түйсігі ғана болмаса...Петров отыздан жаңа ғана асқан-ды, бірақ панасыз-күйсіз жүргендіктен бе, әйтеуір, өзін жасамыс қарттай сезінетін.


Петров вагонға кіріп, бір бұрышқа отырды да, шылым тартты. Алаңшада бейтаныс жауынгер бір әйелмен қоштасып тұрды. Әйел сөзіне құлағын тіккен Петров, оның жауынгерге "сіз" деп айтқан сөзін естігенде, не екенін өзі де білмейді, бойы бір түрлі жеңілдеп сала берді.


Ол бір тап-таза, ашық әуезді қоңыр дауыс-тұғын. Осындай дауысты, тағдырдың алыстан шақырған әмірлі үніндей көріп, шөл далалардан, түнек түндерден, көк мұзды асулардан асып, аяғың қажалып, қаны шыққанша қасарыса жүріп, әбден зорлыққанда құлап түсіп, жан тәсіліммен еңбектей беруің керек. Оны тек бір көру үшін, есік көсегінен ұстап тұрып: "Міне...мен келдім. Тек қуалай көрмеңіз", — деп айту үшін ғана қимылдап, қозғала беруің керек. Кісіні бақыттан үмітті етіп қоятын да ғажайып бір дауыстар болады.


Пойыз қозғала берген кезде Петров терезеге қарады. Платформадан шамның жолақ түскен жарығынан ол уыздай келіншекті көрді. Ақ дидар, жымиған күлкі, көтерілген қол — бар көргені осы. Со замат терезені түн басты.


"Егер Мәскеуде кідіретін болсаңыз, — деді әйел жауынгерге ең соңында, — онда Машаға телефон соғыңыз". Сосын телефон нөмірін айтты. Петров осынау нөмірді іштей ұзақ қайталады, бірақ жадына сенбей, оны әскери билетіне жазып қойды.


Жолай Петров жиі-жиі терезеден далаға қарай берді. Сірескен қалың қарға, бозғылт қиырға қарай телеграф бағандары тізіліп кетіп бара жатады. Орта Азия қаласы бірте-бірте алыстап барады, енді оған қайта айналу жоқ. Ұзақ жылдың үш жүз алпыс бес күні ішінде тірлік кешкен бір күнің қалай жоғалып кететін болса, бұл да өмір ағынында солай жоғалып кететін, шындыққа жанаспайтын бұлдыр естелікке айналып бара жатқан тәрізді.


Қыс, көктем мен жаңбырлы жаз тынымсыз соғыспен өтті. Витебск түбіндегі немістің қорғаныс шебін бұзып өтер кезде Петров басынан жараланды.


Ол үш ай лазаретте жатты. Ауыр жарақаттан кейін сауығып, әлденсін деп, лазарет оны санаторийлердің біріне жібермек болды. Петров өзі әскерге алынған Орта Азия қаласына жіберіңіз деген өтініш білдірді. Со қаланың түбінде шағын ғана тау санаториі бар еді.


— Көгершінім, ақылға келіңіз! Сіздің бір ай уақытыңыз бар. О жаққа барып қайтудың өзіне он күніңіз кетеді, — деді сақалы тікірейіп, погоны бүктеліп жүретін ақ шашты аға дәрігер.


— Бір күннің бір жылдан да қымбат көрінетін кездері болады, — деді оған Петров.


— Олай болса, сөз басқа...Егер сізді о жаққа тартатын өзгеше бір жағдай болса, онда мен қолымды жаямын да қоямын. Және бірден келісе кетемін, — деді ол күбірлеп.


О жаққа Мәскеу арқылы жүру керек еді. Пойыз Мәскеуге түн ортасында келетін, Мәскеуден Орта Азия қаласына таң сәріде жүріп кететін. Мәскеуде, вокзалда ұзақ бір мехнатты түнді өткізу керек-ті.


Мәскеуге мүлде жетпей жатып, пойыз ымырт әлетінде қайың тоғайларына бу бүркіп, Смоленск жерімен зымырап келе жатқан кездің өзінде-ақ, Петровтың көңілі қобалжып, байыз таппай қойды. Ал, түнде терезе сыртыңда күңгірт саяжайлар, қарлы алаңдар, қырау басқан баулар, Кунцево үйіріліп қалып жатты. Сосын жартылай қараңғыланған Мәскеудің әлсіз сәулесі көрінді, ақырында сырттан түнгі Белорусе вокзалының құлазыған дүңкілдек платформасы қалқып, жақындап келіп, тұра қалды.


Елена Петровна жарықты сөндіріп, терезе алдына барды да, пердені ысыра салды. Жылу батареясынан ыстық леп келеді. Мәскеу үйлерінің төбесін бұлыңғыр түн басып жатыр.


— Міне енді, — деді Елена Петровна саусағымен қасын басып, бұл оның ойланғанда жасайтын әдеті. — Міне, Орта Азиядан кейін, тағы да Мәскеуге келдім. Таныс жұмыс, құрбы-құрдастарым — бәрі де бұрынғы қалпында. Енді саған не керек? — Иә, енді саған не керек? — деді ол сөзін қайталап, сосын үндемей қалды.


Көзінің қиығынан жас көрінді. Әйел оны сүртпеді, терезе сыртына тесіле қарап тұра берді. Көшелер торабындағы шам жарығы қолма-қол шыршаның жылтыр жұлдызы сияқтанып, бірден үшкірленіп сала берді.


— Со бір құпия бақыттың не екенін білер ме еді кісі? Соның сыры неде? Ұдайы жалғыздан-жалғыз жүріп, дүниенің бәрін жалғыз көрудің — тым болмаса, осы бір түнді алайықшы — бәрін де жалқы жүріп ойлаудың, тірі жанға күле қарап, иығына қолыңды салып тұрып: "Мына кардың жапалақтап жаууын қарашы", — деп айта алмаудың өзі сұмдық азап қой.


Үстел үстіндегі телефон абайлап қана қоңырау қақты. Елена Петровна трубканы алды. Бір еркек даусы Машаны шақырыңыз деп өтінді.


— Маша қазір мұнда тұрмайды, — деп жауап берді Елена Петровна. — Сұрап тұрған кім екен?


— Гәп мынада, — деді еркек даусы ойланып барып, — Маша мені білмейді. Атымды атағаннан ешбір пайда жоқ.


— Ғаж-жап! — деді Елена Петровна кекетіп.


— Ғажап болғанда қандай, — деді еркек даусы мұны бірден қоштап. — Мен әлгіде ғана майданнан келген едім.


— Сонда мен Машаға бірдеңе деп, сәлем айтуым керек қой. Сіз оның ағасынан келген жоқсыз ба? Ол да майданда.


— Жоқ, мен оның ағасын білмеймін, — деді де дауыс үндемей қалды.


— Иә, сонымен? Мен әлі тосып тұрмын, — деді Елена Петровна. — Әлде, трубканы тастай салайын ба?


— Жоқ, тұра тұрыңыз! — деді дауыс жалынып. — Мен Мәскеуде пойыздан-пойызға дейін ғана боламын. Белорусе вокзалынан телефон соғып тұрмын. Маған сөзімді аяғына дейін айтқыза қояр ма екен, білмедім. Мұнда автоматқа тұрған жұрт көп.


— Ендеше тезірек сөйлеңіз.


Елена Петровна оны үстел жанында түрегеп тұрып тыңдады. Әйел әуелі шытынап, қабағын түйді, сосын күлімсіреп, қолын терезеге созды — көзін бақырайтып, пердеге сұр мысық жөрмелеп бара жатқан, — "Тыныш! Саған не болды!" — деді мысыққа.


— Жо-оқ, оны мен сізге айтып тұрған жоқпын, — деді күліп келіншек, — мысыққа айтып тұрмын. Әлі ештеңеге түсінбесем де құлағым сізде. Иә, иә. Дұрыс, бұл бір ғажап екен. Бәлкім, осының өзі біртүрлі жақсы шығар...Білмедім...Оның бәрі есімде: вокзал да, түн де, ызыңдаған жел де. Бірақ сізді есіме түсіре алмай тұрмын. Шынымен-ақ даусымнан таныдыңыз ба?..Сіз тіпті қызық екенсіз. Қашан жүресіз? Не деп ойларымды өзім де білмеймін...Әрине, өкінішті. Ауыр жаралысыз ба? Басыңыздан ба? Сіз онда, вокзалда, шалажансар болып шаршайсыз-ау. Түнде Мәскеуде жүруге болмайды сізге! Болмайды! Сізді ұстап алады. Иә, тыңдап тұрмын. Сөйлеңіз!


Әңгіме оқыс үзіліп қалды. Елена Петровна трубканы жайымен орнына қойды.


— Мүмкін, ол тағы да телефон соғатын шығар, — деді келіншек, сосын үстел қасындағы креслоға отырып, бұрыннан жатқан шылымды алып, құнығып тарта бастады.


Арада ширек сағат, сосын жарты сағат уақыт өтті, бірақ ешкім телефон соқпады. Сағат екіні соқты.


— Жоқ! Бұлай отыру мүмкін емес! Мен жынданып кететін шығармын, — деді дауыстап Елена Петровна, сосын орнынан ұшып түрегелді.


Әйел шкафқа жүгіріп барып, есігін шалқайта ашты. Мысық қорыққанынан диван астына зып берді. Елена Петровна ұмтылып, қара көйлегін алды, абайламай әтірді құлатты. Мысық диванның астыңда отырып алып, аңшылықтан арқасы қозып, жұмулы тырнағын ашып жіберіп, қасына ұшып түсіп жатқан шілтерді немесе бет орамалды қағып ала берді. Осынау заттар иісінен бет-аузы тыржиып, түшкіріп қалса да, мысыққа бұл ойын қатты ұнады.


Елена Петровна үйден шыққан кезде сағат түнгі үшті соқты. Шамдар мен қалың кардың әлсіз жарығына малынып, Мәскеу алаңсыз ұйықтап жатыр.


Пушкин алаңында Елена Петровнаны патруль тоқтатты. Әйел күзетшілерге құжаттарын көрсетіп, майданда жараланған күйеуі Мәскеу арқылы өтіп бара жатқанын айтты. Қазір ол Белорусе вокзалында отыр, соны барып көруі тиіс. "Күйеуім" деген сөзді айтқанда Елена Петровна қызарып кетті, бірақ оны жауынгерлер байқамады.


Жауынгерлер тоқтап, үйіріліп, ойланып қалды, сосын үлкенірегі тұрып:


— Мақұл, айтқаныңыз рас делік. Бірақ Мәскеу соғыс жағдайында емес пе, азаматша, — деді.


— Менің уақытым аз қалды, — деді Елена Петровна күйініп.


— Солайына солай ғой! — деді аға жауынгер күбірлеп. — Уақытыңыз көп болса, біз сізді міндетті түрде ұстар едік. Ақиқат сөйтер едік!


— Кәне, Сидоров, машинаны тоқтат, — деді ол тәпелтек жауынгерге.


Тәпелтек жауынгер бос кетіп бара жатқан жеңіл машинаны тоқтатты. Аға күзетші жүргізушінің құжатын тексеріп, онымен бірдеңе деп сөйлесті де, Елена Петровнаға қарап:


— Отырыңыз! Сидоров, сен азаматшамен вокзалға дейін барасың. Тексеру үшін, — деді ол күлімсіреп. — Және сізді жолай тағы да ұстап қалмас үшін.


Вокзалдың жасыл залына Елена Петровна жеделдетіп кіріп келген сәтте тынысы тарылып сала берді — оған жүрегі тоқтап қалғандай болып көрінді. Егер еркінде болса, ол қазір көзін жұмып, қабырғаға сүйеніп, алыс бір қиырдан әлдененің зыңылдап, әндетіп жатқанын тыңдап тұра берер еді — ол, бәлкім, вокзал люстрасындағы от үні ме, әлде, самайынан лыпылдай соққан қан тамырының екпіні ме, кім білген.


Әбден шаршап, қажыған кісілер ағаш сәкілерде отырған күйі ұйықтап қалыпты. Ең арғы сәкіде көп азап шеккені жүдеу жүзінен көрініп, бір офицер отыр. Ол сол көзін қара шүберекпен таңып тастаған.


Елена Петровна соның қасына барып:


— Міне, келдім... — деді жайымен. Офицер орнынан атып тұрды.


— Міне, осы... — деді Елена Петровна күлімсірей сөзін қайталап. — Сіз тап мен ойлағандай болып шықтыңыз.


Зал тербеліп, бір бүйірге қарай жылжып жүре берді. Петров Елена Петровнаны қолтығынан ұстап, сәкіге отырғызды, ал, абдырап, сасып қалған жауынгер Елена Петровнаға жайлы болсын деп, сол арадан жол дорбасын тартып ала қойды.


Елена Петровна офицердің үрпиген жүзіне, үйреншікті танысы сияқтанып көрінген сүйкімді жүзіне қарап тұрып:


— Сіз осыдан бірдеңе ұқтыңыз ба? — деп сұрады бәсең үнмен.


— Жоқ. Бірақ соның қажеті бола қояр ма екен? — деді Петров.


— Иә, дұрыс айтасыз, соның қажеті де бола қоймас, — деді Елена Петровна бір күрсініп. — Мен сізді қатты қорқыттым ғой деймін, қарашығым. Қолыңыз мұздай ғой, тіпті.


Әйел Петровтың сұп-суық қолын алып, екі алақанымен ысқылап, жылыта бастады.


— Бұл енді ұзағынан болар, — деді әйел өзімен-өзі сөйлескендей.


Петров үндемеді. Сонау бір желтоқсан түнінде, вокзал басында, суық жел шөл даладан құрғақ қарды қуалап келіп жатқан кездегі сияқты, Елена Петровнаның үнінен ұяң ықылас пен бір қорқыныш табы сезіледі. Петров үн қатпады, бірақ оған, ол Елена Петровнаға көп нәрсені, ойындағының бәрін айтқандай болып көрінді.


Орта Азияның қаласы Петровты аппақ қарымен, көктемдегі сияқты тап-таза, мөлдір аспандары шар айнадай күнімен қарсы алды. Ғасыр жасаған кәрі ағаштар, шетен қоршаулар, тіпті телеграф сымдарына дейін қалың карға малынып тұр. Мыңдаған от ұшқыны құбыла-құлпырып ойнаған, тау-тау кар күресіндері арасын қақ жарып өткен шатқал сияқты, кең көшелер түгелдей жарқырап жатыр. Бұл жерге қонбай, ауада қалқып ұшып жүрген қар тозаңдары еді.


Алатау шыңдарының мөп-мөлдір көкшіл мұзының нұры қала шатырларына шағылысады. Кейде тау ішінен көшкін құлайды да, со маңнан будақтап, ақ шаң көтеріледі.


Көше-көшелермен жыбырлап жүріп жататын есектер қыраулы құлақтарын сілкіп-сілкіп қояды. Арық жылғасын қуалаған мөлдір су мұз астыңда сылдырайды, қыс маусымының раушандары тәрізденіп, иірім-иірім бау-бақшаларда мамық карға малынып қатып қалған рудбекия гүлдері самсап тұр.


Петров қанша кеудесін кере тыныстағанымен, саф ауаға бір тоймайды. Қыс ауасынан тіпті басы ауырады.


Бұдан бір жыл бұрын ғана осы бір қала өзіне қабағы бір ашылмайтын, қатыгез қала болып көрінгеніне Петров енді қайран қалады. Бірақ дәйекті зейін-зердесі тап осындай шұғылалы күндер, тап осындай зеңгір аспан, тоңазыған жапырақтың тап осындай иісі, жүз жасаған баулардың тап осындай тамылжыған тыныштығы бұрын да болғанын есіне сала береді. Бұрын ол мұны байқамаған. Неге? Бәлкім, жалғыз басты болып, осы құбылыстарды әрдайым жалғыз көргенінен де шығар. Онда қасында мейірімді қол да, күлімдеген көз де, қоңыр дауыс та жоқ еді ғой.


Петров қаланың сыртыңда, санаторийде, биік таулар арасындағы аязды шымыр ауа арасында тұратын. Бұл арада жұлдыздар түнемелікте үсіп кетіп, оларды шыңылтыр мұз құрсап тастағандай болып көрінетін.


Ол бір үздіксіз жан тебіренісінен шыға алмай жүрді. Сол тебіреніс-толқын бірте-бірте күшейіп, бір күні оған төрт-ақ сөзден тұратын: "Жиырмасында келемін, қарсы ал" деген жедел хатты әкеліп берген сәтте, ақылы жетпейтін, тіпті адам жаны шыдамайтын бір іңкәр бақытқа айналып сала берді.


Жеделхаттан кейін оған барша тірлік кісі тынысын буып, көзін аштырмай қоятын, күллі әлемді ақ сәуледей құбылып-құлпырып жіберетін қарды құйын тәрізді ұйтқып ала жөнелді.


Түнгі вокзал, тоңып қалған сүйікті ерін дірілі, оның ұяң үні, жабайы алма тоғайын басып санаторийге баратын жол, оппа қар мен құлаған ағаштар арасында буырқанып-бурсанып, көбік атып жатқан сарқырама сулар. Тағы да өзінің көз жауын аларлық мәңгі тізбек шоғырымен қарлы тау басына баяу көтерілетін көгіс жұлдыздардың нұр-сәулесі. Күңгірт мұз жарығымен жалтылдап, түпсіз-тұңғиық түн қойнына сіңіп кетіп жатқан тау шыңдарына қарау үшін, олар бір сөтке жар басына аялдаған кезде, беттеріне келіп соққан тау мен дала, қыс желі және бар. Ал, Елена Петровнаның жүрек тереңінен суырып, әрең айтқан:


— Осы ұзағынан болғай, иә, ұзағынан...Бәлкім, мәңгіге шығар, — деген сөзі тағы бар.


1945 жыл


Аударған Әбілміжін Жұмабаев





Пікір жазу