22.07.2021
  147


Автор: Константин Паустовский

Ағаш үйінділерінен жасалған гүл

Өзімнің әдебиетпен айналысатын жай-күйімді ойлағанда мен жиі-жиі өзімнен: Осы қашан басталып еді? Жалпы, бұның өзі қалай басталады? Қаламын ғұмырының ақырына дейін қолынан түсірмеуі үшін, адамды тұңғыш рет қалам алуға ұмтылдыратын не нәрсе? — деп сұраймын.


Бәрінен де бұрын қалай басталғанын еске түсіру қиын. Тегінде, жазушылық адам жанының жағдайын білдіретін қасиет ретінде, ол бума-бума қағазды жазып тастайтын кезінен әлдеқайда бұрын басталса керек. Ол кісінің жасөспірім кезінде, бәлкім, тіпті бала күнінде-ақ пайда болатын шығар.


Адамның балалық және жасөспірім шағында, әлем біз үшін, толысып піскен шақтан, мүлде басқа жағдайда болады. Балалық шақта күн ыстығырақ, шөп қалыңырақ, жаңбыр да мол аспан да ашығырақ, әрбір адам да әлдеқайда қызығырақ болады.


Балаларға әрбір ересек адам — ол бір құты аспаптары бар, тұла бойынан ағаш үгіндісінің иісі аңқып тұратын ісмер ме, әлде шөптің түрі неге жасыл болатынын білетін ғалым ба — бәрібір, олар балаға тылсым сыры бар біреу болып елестейді.


Өмір-тіршілік және өзімізді қоршаған барша әлем бізге балалық шақтан қолымызда қалған ұлы сый.


Егер адам осынау сыйды ересек кезінде ұзақ жылдар бойы жоғалтпайтын болса, онда ол — ақын немесе жазушы. Қорыта келсек, екеуінің арасындағы айырмашылық онша үлкен де емес.


Өмірді үзілмейтін жаңалық ретінде түйсініп-сезіну — қазіргі заман енері гүлденіп барып пісетін құнарлы топырақ, міне осындай.


— Мен гимназияшы болған шақта, әрине, өлең жаздым, және оны бұрқыратып көп жазғаным сондай, бір айда қап-қалың дәптерді шимайлап тауысатын едім.


Өлеңдерім нашар болатын — әсем де сәнді етіп жазғаным сол кездері өзіме сұлу ұйқасты болып көрінетін.


Қазір ол өлеңдерді ұмытып қалдым. Тек кейбір жолдары ғана есімде сақталыпты.


Гүлшешекті сабағынан үзіңдер!


Жаңбыр түзде сіркірейді баяулап.


Күздің алаулап, түтіндеп батқан қызыл күнді өлкесіне


Сары жапырақтар ұшып барады жамырап...


Әрірек барған сайын, мен өлеңдерімде алуан түрлі, тіпті ешбір мәні жоқ сұлулықты қабаттап тықпалай беріппін.


Сүйікті Сағди жөніндегі қайғың


Әйнек тастай жылтырайды баяу күндер беттерінде...


Неге қайғы "әйнектас тәрізді жылтырауға" тиіс — оны мен сол кезде де, қазір де түсіндіріп бере алмаймын. Мені тек сөздің әуезділігі еліктірген болуға тиіс. Оның мәнісі туралы мен тіпті ойламаппын да.


Мен бәрінен де теңіз туралы өлеңді көбірек жаздым. Ол кездері мен теңіздің не екенін де білмедім десем де болады.


Ол және қандай да болмасын белгілі бір теңіз — Қара теңіз бе, Балтық теңізі ме, не Жерорта теңізі ме — болмайтын, әйтеуір тек "жалпы мерекелі теңіз" болатын. Сол бір ұғым алуан түрлі бояулардың бәрін, нағыз өмірден, уақыттан және шынайы жағрафиялық кеңістіктен аулақ жатқан асқақ романтиканың бәрін бір басына біріктіретін. Сол кезде осынау романтика, менің көз алдыма, жер шарын тығыз атмосфера сияқты, қоршап тұрғандай болып көрінетін. Ол өзі көбігі бұрқырап жатқан көңілді теңіз — қанатты кемелер мен ержүрек теңізшілердің отаны болатын. Оның жағалауларында изумрудтай болып шамшырақтар жанып тұратын. Порттарында қам-қарекетсіз бейқам тіршілік буырқанып жататын. Ел есітіп, көз көрмеген қараторы әсем әйелдер менің авторлық ерік-жігеріммен қатыгез құмарлықтың қазанында сүйіп-күюмен күндерін өткізетін.


Рас, жыл өткен сайын менің өлеңдерім әсем сәнқойлығынан арыла берді. Бірте-бірте жел қағып, олардың экзотикасы да жоғала бастады.


Бірақ, адалын айтсақ, балалық және жасөспірімдік жылдарында ешқашан да экзотикасыз ештеңе де болмайды, ол жылы үйек елдерінің экзотикасы ма, әлде азамат соғысының экзотикасы ма — бәрі бір.


Балалық шағында кім көне қамал-сарайларды қоршап, ұрыс салғысы келмеді дейсің, кім желкендері быт-шыт жыртыдған кемелер үстінде Магеллан бұғазының не Жаңа Жердің жағалауларында қаза таппады, кім Чапаевпен бірге тачанкаға отырып, Орал сыртыңдағы сайын даламен зауламады, кім Стивенсонның сырлы аралда сұмдық әдіс-айламен жасырған қазынасын іздемеді, кім Бородино шайқасында жауынгерлік жалаулар шуын естімеді не Үндістанның ит тұмсығы батпайтын ну тоғайында Мауглиге жәрдемдеспеді дейсің?


Экзотика өмір-тіршілікке, әсершіл жасөспірімдерге төтенше ғажайыптардың қажетті үлесін үзбей беріп отырады.


Дидро, өнер дегеніміз үйреншікті жайттан төтенше жайтты, Төтеншеден үйреншікті жайттарды табу деп әбден дұрыс айтқан.


Қанша айтсақ та, менің өзім балалық шағымда экзотикамен айналысқаныма әсте өкінбеймін.


Менің бұл әуестігім бірден жоғалып кеткен жоқ. Баулардың, жұпаргүлдің иісі көпке дейін қалай сақталатын болса, ол да ұзақ уақыт сақталды. Ол маған көптен таныс, тіпті аз да болса, өзімді зеріктірген Киевті көз алдымда қайтадан көркейтті. Батар күннің алтын шапағы оның бауларында лапылдап маздап тұрады. Днепрдің ар жағындағы түпсіз түнекте найзағайлар жыпылықтап жатады. Маған со жақта мүлде беймәлім, күні күркіреп, жапырақтары жамырап шулаған дымқыл бір ел еркін көсіліп жатқан сияқты болып елестейді.


Көктем қала үстіне талшынның (каштан) күлтелерінде қызыл дақтары бар сарғылт гүлін мігірсіз сеуіп жатты. Олардың көптігі сондай, жаңбыр жауған кездері шашылған гүлдер бөгеті жауын суының ағысын тоқтатып тастайды да, кейбір көшелер кішкене-кішкене көлдерге айналатын.


Жаңбырдан соң Киев үстіндегі аспан ай сәулелі ақық тастан салынған күмбездей болып жарқырап тұрар еді.


Құпия күші көктемнің билік құрды


Жұлдыздары маңдайында жарқырап, —


Сен, аяулым! Маған бақыт бермекші ең


Әбігері, мына, мол жерде.


Менің бірінші рет ғашық болуым тап сол кездермен байланысып жатты — бұл бір барша қыздар ғажайып сұлу болып көрінетін, адам атаулының таңғаларлық жай-күйі ғой.


Қылықты қыз дәуренінің көшеде, бау-бақшада, трамвайда жалт етіп көрінген бір белгісі-ұяла қараған байыпты жанары, шашының иісі, жартылай ашылған еріндері арасындағы ақ моншақ тістері, жел жалаңаштаған кішкентай тізесі, суық саусақтардың сәл ғана сипағаны — міне, бұл пәниде осылардың бәрі ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде, махаббатың мені де табатынын есіме түсіріп отырды. Мен оған кәміл сенетін едім. Өзімнің де дәп осылай ойлағым келді, тап солай ойладым да.


Осындай әрбір кездесу мен үшін түсініксіз торығудың бастауына айналды.


Менің сұрықсыз, шын мәнінде, өте күйінішті жастық шағымның тұтас бір үлкен бөлігі өлең жазумен және бұлдыр ой толқуымен өтіп те кетті.


Біраздан кейін өлең жазуды қойдым. Оның жылтыр қабақ, боялған ағаш үгінділерінен жасалған гүл екенін, сыртқа жалатылған алтын екенін түсіндім.


Өлеңнің орнына ең бірінші әңгімемді жаздым. Оның өз тарихы бар. Келесі тарауда мен соны айтпақшымын.


Аударған Әбілміжін Жұмабаев





Пікір жазу