22.07.2021
210
Алақай
Балақай-ау, балақай,
Жер құлпырып жаз келді.
Айнала гүл, алақай.
Ауыл маңы өзгерді.
Қырдың қызыл гүліне
Бар, бөбегім, жүгіріп,
Қызықсын жұрт түріңе,
Қалма жолда кідіріп.
Көк ала қанат көбелек,
Әне гүлге байланды.
Қызықтырып сендерді –
Дөңгеленді, айналды.
Алақай-ау, алақай.
Қара, қара, балақай.
Құйрықтарын тістесіп
Ойнақтайды құлын-тай,
Ботақан мойнын иіріп.
Бұзау мұрнын шүйіріп.
Қошақандар коржаңдап,
Лақ секірген сүрініп.
Қызық, қызық, алақай,
Еркелеткен бәрін май.
Төбеде ұшып қалықтай,
Ән салады боз торғай.
Алақай-ау, алақай.
Келді күткен сұлу ай.
Мен бастайын жаз жырын,
Кел, бөбегім, қосылшы-ай!