22.07.2021
  417


Автор: Нұргүл Беркімбай

Қорқамын

Қорқамын, жан сүйетін  адамымнан,
Ала ма деп ажалын қадамынан.
Қорқамын, ұшқан ұям шайқалар деп,
Өмірдің зұлым залал жаманынан.

Қорқамын өмір жынды ете ме деп,
Қайғы зар,  мұң түбіме жете ме деп.
Қорқамын жанға ғашық болмай тұрып,
Сұм жалған ерте бітіп кете ме деп.

Қорқамын, жалғыздықтан, түн-түнектен,
Қорқынышпен осылай күн-түн өткен.
Қорқамын, әлде бір жайт бола ма деп,
Қар еріп, кешіккенде ерте көктем.

Қорқамын, жүрегім жана ма деп,
Беймезгіл ғашық болып қала ма деп.
Көктемдей көркем менің көңіліме,
Сағыныш сары ұясын сала ма деп.

Өмірдің бітер емес қорқынышы,
Тұрғандай сынайын деп қол шынысы.
Әуенін бар әлемнің жайып салып,
Кеудемнің бұлқынады әнші құсы.

Қорқамын, бұйырмаудан бақыт құсы,
Қорқамын бұрылар деп менен тұсы.
Бақыт деген-өмірдің жалғыз жолы,
Жалғанның осы шығар сірә, сұсы.





Пікір жазу