Біздің қала
Табиғаттың көрінбей тамашасы,
Қоңыр күнді кетірер сыр бүгіп пе?
Қала күлді, көбейіп жаңашасы,
Бір бойжеткен тығылып бір жігітке.
Көше келіп тірліктің байыбына,
Жұлдыз қарға жырынан атып тұрды.
Ашуланып бір ағай зайыбына,
Ақ шашты ана шемішке сатып тұрды.
Бір балдырған тақпағын қайталады,
Қыстың кеші қар көміп, есінеді.
Қарны тойған сары мысық жай табады,
Отағасы кешкі астан кешігеді.
Жанармайы азайып көліктердің,
Аялдама адамнан көрінбейді.
Емешесі үзіліп еріктердің,
Аймалаудан бір ерін ерінбейді.
Алдадым деп саудагер қысылмады,
Өтірігі заманның таңғы астай.
Жүрегімнің құтырып тысырлары,
Мен көшеде жүремін қаңғыбастай.
«Мерседесте» бір қазақ күлімдеді,
Сұлу қыздың соңынан сайтан ерді.
Ештеңесі ешкімнің бүлінбеді,
Бір қайыршы Алланы айта берді.
Көзін қысты бір ағай өте беріп,
Немересі мәнді ұқпай, тұра қалды.
Мен жүремін одан да бетер кейіп,
Мені ұмытқан ұмытпай бір адамды.
Біздің қала осылай күн кешеді,
Пенделері пәктікті құрамай-ақ.
Мәселесін бақыттың түн шешеді,
Жұлдыздардан ештеңе сұрамай-ақ.
* * *
Туған бауыр, жүрегімде — у, ішпей-жемей жаным мас,
Кез келеді қашсаң дағы аттанатын сапарға.
Мен табынып жүргеніммен Мұқағали танымас,
Мен өлгенде, мені тіпті Кеңсайға да апарма.
Бақытты боп бақпасам да, балдай дәмін татқанмын,
Мен өмірді сүюші едім, мейлі сорым көп менің.
Арманыма ақ шуақтың адасқаны батқаны
О, бауырым, мені көмгің, жырларымды көмбегін.
Өлеңдерім ұрпағымдай тірі қалса болғаны,
Тәңір теріс таразылар тағдырымның бұқпасын.
О жақта да арманымсың, өзің ғана қолдарым,
Сүйікті жан, жанарыңнан бір тамшы жас шықпасын.
Туған елім өртенбесе, өкінбесе жетеді,
Күнәм болса, кінәм болса көктен көмек сұрайын.
Бауырларым, өздеріңмен менің қайғым кетеді,
Тірлігімде алыс кеттім, енді жақын тұрайын.
Туған жердің бір төбесін биіктетіп тұрайын,
Мен өлгенде маң даламның бауырына жерлеңдер.
Маған ғашық шебер бала, гүл әкеліп жүр дәйім,
Сыр бойының маңғазына енді мені бермендер.
Бауырларым, мен өлгенде туған жерге жерлеңдер!
* * *
Не дейсің маған?
Не күтіп менен жүрсің сен?
Мейірім, мүмкін?..
Ғұмырым бұл күн
Қағынып кеткен күрсінсем.
Не дейсің маған?
Не күтіп менен тұрсың сен?
Кез келген жанар
Өзгерген Анар
Сыпайылыққа құр сіңсем...
Не дейсің маған?
Не сұрап жүрсің сен менен?
Сезімім өліп,
Төзімім кеміп
Өзім тербелем желменен.
Не дейсің маған?
Арманыңды айтшы асқардай.
Табыт билейді,
Шабыт күлмейді.
Сәттерде ақыл басқармай.
Не дейсің маған?
Естілмей сөзің естілген.
Күнәға батып,
Жылаған жатып,
Пенделер әлін кеш білген.
* * *
Сен маған өкпелеме
Бақытын тәңір төрем көп көре ме?
Жүре алмай нәзіктікпен күлкім тасып,
Түндерде қамсыз тыныш ұйқым қашып.
Жүремін сені сүйіп, жек көре де.
Сен мені тез ұмыттың.
Итеріп иірімін жез үміттің.
Ұмыттың сезімдердің пәктілігін
Сүюдің ең жоғарғы тәттілігін.
Мен сені ұмытпадым
Бейнеңді аяладым, құлыптадым.
Сүйгенін шағала да аңсамай ма?
Жүремін сені ойлаудан шаршамай да
Сен емес беретін жан жұлып бағын .
Білмеймін, жындымын ба
Шақтырып, шағыстырып мұңды-мұңға.
Сендей бір «көбелекке» өліп-өшіп
Басымнан балалығым кері көшіп
Қауыштым ғашықтықтың «сұмдығына».
О, тәңір бұл неткенің?
Өмірдің қызығына құр кеткенім?!
Күтемін, сосын анық жылайтыным
Талықсып, сып-суық боп құлайтыным
Ерке едім, сүйікті Алла, бұл неткенің?!