21.07.2021
  148


Автор: Анар Шамшадинова

Сәкен ақынға

Бірде мені дос етіп сайлап қалап,
Бірде аруға қол жетпес теңедіңіз.
Маңдайымнан иіскеп жайлап қана
«Кіп-кішкентай ақыным» деп едіңіз.
Сіз ақыным десеңіз алып-ұшып,
Шабытымнан шық бермес ақымды алмай.
Мінезі бар мұңымның халі пұшық,
Жыр жазамын кәдімгі ақындардай.
Қаланы қар басады, еріп кілең,
Қыс қысылды көнекөз жыртықтайын.
Өлеңімді сізге оқып беріп жүрем,
Мен Фариза болуға ынтықпайын.
Дала ұйқыда, төбеде байырғы аспан,
Жақсы жырмен ол дағы созатын бел.
Жылдар кетер желкенін қайырмастан,
Естеліктер сіз жайлы жазатын — мен.
Қайда жүрсіз? Сапарда, Астанада?
Әлде сезім елінде аты аңызды?
Өлең де емес, ән емес, дастан аға,
Ақын қызға дайында батаңызды.





Пікір жазу