21.07.2021
352
Он алты жас
Он алты жас – жеткендеймін төріңе,
Қонақтадым махаббаттың көліне.
Сезім, шіркін, сол балауса шағым-ай,
Шақырады бір сиқырлы еліне.
Он алты жас-аузымда сүт кеппеген,
Биігіңе әзер шығып жеткен ем,
Он бесімде асу асып алысқа
Бойжеттім деп бәрін тастап кеткен ем.
Он алты жас- балалығым, бал шағым,
Көз алдымда бұлдырайды наз сағым.
Қиял сүйреп жетелейді тек алға,
Он бестегі еркелікті аңсадым.
Он алты жас – бақыт қонған белесім,
Ұдайы алға жетелеумен келесің,
Өткен күндер бесігіңде тербелген
Жүрегімде сақталады елесің.
Он алты жас – сезім оты жанған шақ,
Күткендей ме қолын бұлғап алдан бақ.
Оқу, білім, бір бұрышқа жиналып,
Жігіттерге сүзіліп көз салған уақ.