21.07.2021
  251


Автор: Анар Шамшадинова

Мама

Бағзы үмітпен өзімді құр алдаймын,
Көңілімді басқаға бұра алмаймын.
Өкпелеме, ұрыспа, сөкпе, мама,
Бірақ онсыз мен мүлде тұра алмаймын.
Армандарсыз бұл өмір бос екен ғой,
Сенім деген адамның досы екен ғой.
Жылынатын, телміріп сағынатын
Сүю деген, жан ана, осы екен ғой.
Тәнім теріс тағдырға жекірді де,
Мәңгі сезім бойыма бекінді ме?
Құшағыма кей кезде ұмтылады
Ол да мені қалайтын секілді ме?
Үндемейді, кейде ұзақ аймалайды.
Түнереді кейде ашу байламайды.
Шақырса да, сонан соң аһ ұрса да,
Онсыз менің өмірім жайнамайды.
Шабытының ол берер алмасы — көк,
Жібереді кейде еркін самғашы деп.
Мен өлеңді өлгенше сүйем, мама,
Өмірімде соңғы да алғашқы рет!





Пікір жазу