21.07.2021
  146


Автор: Анар Шамшадинова

Аға

Тал бойымды талдырып таң ызғары,
Қайталанып тағдыры сан қыздардың.
Сағындырмай, ешкімді сағына алмай,
Аға, бүгін тағы да жалғыз қалдым.
Арман алыс, қиялым қанатында,
Тарлық көріп талантым, тағатым да.
Жиын түгіл, жылауға шамам келмей,
Булығамын тірінің санатында.
Аға, менің сезімім сарқылғандай,
Сезімдерсіз ертеңге нарқым қандай?
Түпкірінде кеудемнің тыпыршиды
Жарым үміт жарыққа талпынғандай.
Түсінбеймін өзгені, өзімді де,
Кермек мұңым кеңістік сезінді ме?
Fашықтық пен құмарлық адыра қап,
Құдай үшін қанағат көзіңді ілме.
Жалғыздықтан соншама шошынамын,
Таусылардай өлеңім, тосын әнім.
Айналамнан алданыш таппай қалып,
Ұлы көштің шаңына қосыламын.
Көкте күннің бешпеті ағытылды,
Құптағандай шаңқай түс шабытымды.
Қайдан ғана іздеймін айтшы, ағажан,
Әлі құшып көрмеген бақытымды?!





Пікір жазу