21.07.2021
153
Сен Каспийдің сағасында қалғанда
Сен Каспийдің сағасында қалғанда,
Мен Жайықтың жағасында мұңайдым.
Бармақтай бақ таба алмаған жалғанда
Мені немен жұбатады бұл айдын?
Сезім желпіп толқынға ма, желге ме?
Өзім елтіп құр ойменен сенделем.
Маған бейуақ жолыққансың сен неге?
Қалай сені сүйіп қалғам мен деген?
Маңғыстаудан мейір таппай келгем жоқ,
Жайық, төмен сала көрме жүзіңді.
Қуаныштың құшағына енгем көп,
Сағыныштан сартап жасым үзілді.
Өлең жазсам қасіретімнен айықтым,
Бар жазығым – сені өлердей сүйгенім.
Жағасында гәкку мекен Жайықтың
Жалғыздықтан жынданатын күйдемін...