21.07.2021
  150


Автор: Анар Шамшадинова

Жағасында теңіздің жылап тұрмын

Жағасында теңіздің жылап тұрмын,
Қиылмаған некесі қалындықтай.
Көзден шаттық бұл күнде жырақ сырғып,
Би билеп жүр толқындар халімді ұқпай.
Сұқтанады сыртымнан серілер мың,
Сырын оның уақыт сараптасын.
Сені сүйіп сезімге берілемін,
Алла баста адам ғып жаратқасын.
Сені қалай ұмытам құшып-болып,
Ынтық сәттер көлбеңдеп сұр елестей.
Жем іздейді шағала ұшып-қонып,
Менің мұңым ол үшін дым еместей.
Сол жағаға тағы да келіп тұрмын,
Бір сапарға шыға алмай кемелермен.
Шабытымды сағымдар еліктірді,
Жыр оқиын деп едім сенер елге.
Сағынышым жанарда бұлақтар боп,
Балбыраған бақыттан күй есімде...
Сені аңсаған көңілде сұрақтар көп,
Қайда жүрсің?
Сен мені сүйесің бе?





Пікір жазу