21.07.2021
150
Жанар
Өзіңсіз талай таң атты,
Көктем, жаз гүлмен қаратты.
Талайдың дәмін тауысып,
Талайды тәңір жаратты.
Бәйшешек жайнап қырларда,
Жазылды жауһар жырлар да.
Тек өзің жоқсың, аяулым,
Сүрінбес сансыз сындарда.
Қайғымды тағдыр тыңдар ма?
Бақытын байлап бұлдарға.
Өзіңсіз өтті талай күз,
Табылмай дауа мұңдарға.
Қызарып қыздай күн батты,
Жасырып сырын түн жатты.
Аққулар әнін салғанда,
Қайыңдар күлді сымбатты.
Қызығын көрмей жалғанның,
Қалдырып артта арманды.
Он алты жаста көз жұмдың,
Қайғыға бөлеп бар маңды.
Үмітің өлді дір еткен,
Айрылып біздер тіректен.
Ажалға етер шара жоқ,
Сағыныш қана жүректе...