Әлдекімді күте берем қашықтан
Әлдекімді күте берем қашықтан,
Жүректе жыр, тұла бойда қатып қан.
Құндылығы құрып кеткен өмірім,
Көңілімнің көрі азап, төрі мұң.
Өлгім келіп жылап жатам жасып тән,
Ақбаладай ақыретке асыққан.
Боздақ келіп боздамасын басымда,
Армандап ем оны өлердей жасымнан.
Қара өлеңнің арнасам да қаншасын,
Таң қалдырып тәмам жұрттың баршасын
Сүйсе дағы таңдамады ол мені,
Жарты түндер.
Мендік тағдыр сол ма еді?
Түнгі бақыт,
Күндіз қайғы секілді
Аллалаған тіл дұғаға бекінді.
Жынды қылған жұмыр жерде жақын жоқ,
Жалғыз қалдым өлеңі арзан ақын боп,
Сүймеуге күш,
Ал сүюге хақым жоқ!
Жалын едім,
Жанушы едім от болып,
Енді қалай тез кетемін жоқ болып?
Айырмам жоқ жігері құм жасықтан,
Күлкім кеуіп, гүл жүзімнен қашып сән,
Сенім сөніп, арман қалды айлақта.
Тілек болып бақ құшармын қай уақта?
Әлдекімді қанша күтем қашықтан?