21.07.2021
179
Жастық шақтың жарқырамай маңдайы
Жастық шақтың жарқырамай маңдайы,
Бәлкім өзім сәтсіздікпен тел өстім?!
Ажал – аңның кеберсіген маңдайы,
Арманымды қорғай алар емеспін.
Пәк арманым мезі болып мәңгіріп,
Шыңғырады шарасына сыймастан.
Күндеріме қасаңсыған сән кіріп,
Егіледі түндер жасын тыймастан.
Сен бе арманым, әлде мен бе озбаған,
Күміс көңіл сәбиінен алданып.
Боз інгеннің ботақаны боздаған
Балалық қап, жастық елді сандалып.
Жастығымда әлің құрып, шаршадың,
Егделікке енді қалай жетеміз?
Қаншама жыл мен тек сені аңсадым,
Енді менің мұңдарыма төтеңіз,
Енді өмірдің мазағына төтеңіз.
Сені құшам, бірге өлемін сенімен,
Бәлкім сөйтіп сорларымнан кеш қашам?!
О, арманым, қоштаспашы менімен,
Қоштасқандар оралмайды ешқашан.