Аманат
Туған бауыр, жүрегімде у, ішпей-жемей жаным мас,
Кез келеді қашсаң-дағы аттанатын сапарға.
Мен табынып жүргеніммен Мұқағали танымас,
Мен өлгенде мені тіпті Кеңсайға да апарма.
Бақытты боп бақпасам да, балдай дәмін татқанмын,
Мен өмірді сүюші едім, мейлі сорым көп менің.
Арманыма ақ шуақтың адасқаны батқаны
О, бауырым, мені көмгін, жырларымды көмбегін!
Өлеңдерім ұрпағымдай тірі қалса болғаны,
Жырларымды жұртым алсын, ұқсын мейлі ұқпасын.
О жақта да арманымсың, өзің ғана қолдарым,
Сүйікті жан, жанарыңнан бір тамшы жас шықпасын.
Туған елім, өртенбесе, өкінбесе жетеді,
Күнәм болса, кінәм болса, көктен көмек сұрайын.
Бауырларым, өздеріңмен өзге қайғым кетеді,
Тірлігімде алыс кеттім, енді жақын тұрайын,
Туған жердің бір төбесін биіктетіп тұрайын.
Мен өлгенде маң даламның бауырына жерлеңдер...
Маған ғашық шебер бала гүл әкеліп жүр дәйім.
Сыр бойының маңғазына енді мені бермеңдер,
Бауырларым, мен өлгенде туған жерге жерлеңдер!!!